
Астанада 2024 жылдың соңына қарай скринингтік тексеруден 548 мыңнан астам адам өтті, бұл жылдық жоспардың 98,4 пайызын құрады, деп хабарлайды қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
Тексеру барысында 20 мыңға жуық (3,4%) ауру анықталып, оның 88,2%-ы «Д» есебінде тұр.
«Әйелдерде сүт безі ауруларын ерте анықтау бойынша қамту 97,4 пайызды құрады. Бұл ретте патологияларды анықтау 24,6%-ға төмендеді. Диспансерлік есепте тұрғандардың деңгейі 8,5%-ға жақсарды. Жатыр мойны обырының скринингімен қамту 98,9% құрайды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2% жоғары. Жоспарланғандардың 98%-ы тоқ ішек обырына тексерілсе, ауруды анықтау 11,8%-ға азайды», - делінген ведомство хабарламасында.
Дегенмен, қант диабеті, глаукома және қан айналымы аурулары бойынша есепте тұрған науқастардың саны артқан.
Сондай-ақ Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, туберкулезбен ауыратындар 2,4%-ға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 34,16-ны құрады (2023 жылы – 100 мың адамға шаққанда – 34,99). Туберкулезден болатын өлім 45,1 пайызға азайды.