Астанада оқушылар мен мұғалімдер ерекше көңіл күй сыйлайтын видеороликтер әзірледі

Астанада оқушылар мен мұғалімдер ерекше көңіл күй сыйлайтын видеороликтер әзірледі

Астанадағы Қ.Мұхамедханов атындағы №90 мектепте жыл сайынғы «Өмірге иә деп айт!» акциясының жабылуы аясында «Күш – өзімізде!» бейнероликтер байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Байқау мектеп оқушыларының, педагогикалық ұжымның және ата-аналардың психологиялық тәрбиесіне арналды.

Шараны елордалық білім басқармасы, Астана әкімдігінің психологиялық қолдау орталығы және қалалық полиция департаменті ұйымдастырды. «Күш өз ішімізде!» бейнеролик байқауы «Өмірге иә деп айт!» акциясы аясында бір ай бұрын бастау алды. Оған әрбір мектеп оқушысы немесе мұғалім қатыса алады. Видеороликті позитивті және ерекше шабыт беретін мазмұнға арнау негізгі критерий болды.

«Өмірге иә деп айт!» акциясы видео байқауын биыл алғаш рет бастасақ та, 2016 жылдан бері жыл сайын өткізіп келеміз. Байқаудың мақсаты – буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алуға көмектесетін әрі жақсы көңіл күй сыйлайтын мотивациялық видеороликтер жасау. Бір қызығы, байқауға мұғалімдер де, психологтар да, мектеп оқушылары да қатыса алады», - дейді Астана қаласы әкімдігінің Психологиялық қолдау орталығының әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Айман Сәдуақасова.

Марапаттау рәсімінде домбырашылар мен вокалшылар өнер көрсетіп, қонақтарға жеңімпаздардың видеороликтері көрсетілді.

«Видеоролик идеясы бірден келген жоқ. Дегенмен, 6-сынып оқушыларының қатысуы мен актерлік шеберліктерінің арқасында биік белестерді бағындырдық. Біздің видеоролик көптеген мәселелерді көрсете отырып, психологиялық проблемалардың шешу жолдарын көрсетті. Қазылар алқасының шешімімен бейнеролик бас жүлдеге ие болды», - дейді Гран-при иегерлері – Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының педагог-психологы Райгүл Сайлаубаева мен әлеуметтік қызметкер Жадыра Оразалы.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер:
1-орын: №111 орта мектептің педагог-психологы Ләззат Зейдикенова;
2-орын: №103 орта мектептің педагог-психологы Күлдарас Халитова;
3-орын: №50 мектеп-лицейінің педагог-психологтары Гүлназ Ишанбек, Индира Қайроллаева.