Астана кафелерінде кальян шеккен тағы бес адам жазаланды

Астана кафелерінде кальян шеккен тағы бес адам жазаланды

Астанада кезекті рет кальян шегушілерді анықтау мақсатында түнгі рейд жүргізілді. Сарайшық ауданындағы ойын-сауық мекемелерінде тексеру өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Рейдті аудан әкімдігі мен полиция басқармасының өкілдері жүргізді. Олар қоғамдық орындарда кальянды пайдаланудың алдын алу мақсатында 6 ойын-сауық мекемесін тексерді.

«Екі мекемеде заң бұзушылықтар анықталды. Мекемеге келген 5 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдың жалпы сомасы 294 900 теңгені құрады», - деп хабарлады Сарайшық ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Тыйым салынған орындарда кальян пайдаланғаны үшін ойын-сауық мекемелерінің тұтынушыларына ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабына сәйкес айыппұлдар өндірілді.

Рейдтік іс-шаралар «Заң және тәртіп» аясында өткізіліп жатыр.