
Елордада Дүниежүзілік ҮЕҰ күнін мерекелеу аясында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Кездесуді Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстанның Азаматтық альянсы және Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырды.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін Дүниежүзілік ҮЕҰ күнімен құттықтады.
«Қазақстанның азаматтық секторы шағын бастамашыл бірлестіктерден бастап мемлекеттің беделді серіктесіне айналған қуатты қауымдастыққа дейінгі ұзақ жолдан өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қоғаммен диалог пен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті», - деді вице-министр.
Кездесуге қатысушылар бүкіл әлемде қоғамдық мүдделерді қорғауда, адам бостандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, табиғатты қорғауда, мәдени мұраны сақтауда және жалпы адамзаттық құндылықтарды насихаттауда маңызды рөл атқаратын ҮЕҰ қызметінің маңыздылығын талқылады.
Астана әкімінің орынбасары Есет Байкен елордалық ҮЕҰ салауатты өмір салтын насихаттау, білім беруді дамыту, жастар мен әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталған 54 әлеуметтік жобаны сәтті жүзеге асырғанын атап өтті.
Осы бастамалар аясында 2000-ға жуық іс-шара өткізілді. ҮЕҰ-ның әлеуметтік маңызы бар бастамаларын қолдауға баса назар аудара отырып, биыл да сол жұмыс көлемін сақтау жоспарланып отыр.
Шара соңында белсенді жұмысы үшін мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдеріне алғыс хаттар табыс етілді.