Астанада Әкім Таразидің «Жолы болғыш жігіт» пьесасы сахналанды

Астанада Әкім Таразидің «Жолы болғыш жігіт» пьесасы сахналанды

Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театры Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің «Жолы болғыш жігіт» пьесасын сахналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Спектакльдің қоюшы режиссері – мәдениет саласының үздігі Нұрфат Вахитов. Оның айтуынша, елу жылдан астам уақыт бұрын жазылған туындының түпнұсқадағы тілі, айтар ойы, құрылымы сақталып, тек қазіргі заманға сай өзгерістер енгізілген.

«Спектакльдің негізгі айтар ойы – қазіргі жастардың жаңашыл идеяларын жүзеге асыруы үшін қолдау көрсету маңыздылығы. Олардың мүмкіндіктерін арттырып, қоғамға пайда әкелетін бастамаларын дамыту жолдары қарастырылады. Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болғандықтан, спектакльде жұмыскерлердің рөлі де ерекше көрсетіледі. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа мүмкіндіктері туралы ой қозғалады», – дейді Нұрфат Вахитов.

Автордың жары, көрнекті жазушы-драматург, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова спектакльді тамашалап, оң бағасын берді.

«Жастар» театры осы шығарманы толыққанды түсіне ала ма, астарлы мағыналарды жеткізе ала ма, Кірпішбай мен Асау Бөкеннің бейнелері қалай шығады деген күмәнмен келген едім. Бірақ спектакльді көргеннен кейін бұл күмәнім түгелдей жойылды. ХХІ ғасырда тағы да Кірпішбаймен кездесіп отырмыз. Қоғам өзгермеді. Бірақ соны өзгертетін күш – реформатор Асау Бөкендер. «Жаңа Қазақстан», «Әділетті қоғам», «Еститін мемлекет» – бұл Асау Бөкен. Бізге осындай кейіпкерлер керек. Спектакль жастарға рух беретіндей сахналанды», – деді Роза Мұқанова.

«Жастар» театрында басты кейіпкер Асау Бөкенді актер Ербол Тілеукенов сомдайды.