
Елордада тәулік бойы қар күреу жұмысы жүріп жатыр. Коммуналдық қызметтер күшейтілген ауысымдық режимде жұмыс істейді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
12 ақпанда күндізгі ауысымда қар тазалау жұмысына 2 668 жол жұмысшысы және 1 280 бірлік арнайы техника шықты.
12 ақпанға қараған түні елордадан қар полигондарына 1 819 рейспен 26 мың текше метрге жуық қар шығарылды.
Қыс мезгілінің басынан бастап 456 466 ауыр жүк рейсімен қаладан 5,6 млн текше метрге жуық қар шығарылды.
Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.
Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.
Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.
Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласыңыз.