Жылу жабдықтарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары: елордада жер үйлерге тексеру жүргізілді

Жылу жабдықтарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары: елордада жер үйлерге тексеру жүргізілді

Елорданың Есіл ауданында жылыту маусымында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр. Мемлекеттік органдардың өкілдері тұрғындарға қауіпсіздік шараларын еске түсіріп, жылыту құралдарын тексеру үшін жер үйлерді кезекті рет аралап шықты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Есіл ауданының әкімдігі Төтенше жағдайлар департаменті және полиция қызметкерлерімен бірлесіп, жеке секторға тағы да рейд жүргізді.

Мемлекеттік органдардың өкілдері Пригородный тұрғын алабындағы 50-ге жуық үйді аралап, пеш жабдықтары мен электр сымдарын тексерді, сонымен қатар өрттің алдын алу бойынша түсіндірме жүргізді.

Есіл ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Санжар Жақсыгелді жер үйлерде өрттің алдын алу жұмысы тұрақты жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Тексеру нәтижесінде тұрғын үйлердің жылу жүйесіндегі, электр желілері мен жабдықтарындағы ақаулар анықталып жатыр.

«Мұндай ақаулар өртке себеп болып, адам өміріне қауіп төндіреді. Әкімдіктің қолдауымен жылу беру маусымында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Күн сайын 50-ге жуық үйді аралаймыз», — деді Санжар Жақсыгелді.

Мамандар үйлердегі жылу жүйелерінің жағдайын тексереді.

«Негізгі назар жылыту пештері мен электр жабдықтарына аударылады, өйткені олар өртке жиі себеп болып жатады. Қыс мезгілі басталған сәттен және аязды күндері жылу пештерінің ақауы қайғылы жағдайға апаруы мүмкін. Акция барысында өрт қауіпсіздігі шаралары туралы жадынамалар түріндегі буклеттер таратылады», - деп қосты Санжар Жақсыгелді.

Құтқарушылар сақтық шараларын да еске салды. Осылайша, пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз ету, электр желілерін шамадан тыс күш түсірмеу, электр сымдарының жұмысқа жарамдылығын қадағалау, стандартты емес үйде жасалған электр жылыту құралдарын қолданбау, жанғыш материалдар мен төсеніштерді жанып тұрған пештің үстіне кептірмеу, сондай-ақ балаларды үйде ересектердің қарауынсыз қалдырмау қажет.