Елордада XXI Халықаралық Жәутіков олимпиадасы басталды

Елордада XXI Халықаралық Жәутіков олимпиадасы басталды

Астанада IZhO-2025 математика, физика және информатика пәндерінен XXI Халықаралық Жәутіков олимпиадасы басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің сайты.

Олимпиаданың салтанатты ашылуы Бейбітшілік және келісім сарайында өтті, іс-шараға 850 қонақ пен қатысушы жиналды.

Олимпиада алғаш рет елордада өткізіліп отыр. Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысушылар мен олардың тәлімгерлерін ашылу салтанатымен құттықтады.

Биыл олимпиадаға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Ресей, Беларусь, Армения, Әзірбайжан, Түркия, Грузия, Болгария, Румыния, Сербия және Моңғолия сияқты 15 елден 700-ге жуық оқушы мен 150 жетекші қатысуда. Қатысушылар ұлттық олимпиадалардың қорытындысы бойынша іріктелді.

«Олимпиада бес күнге созылады және екі турдан тұрады. Тапсырмалар мамандандырылған сыныптар бағдарламасына сәйкес келеді және оларды халықаралық қазылар алқасы құрастырды. Қазылар алқасының төрағасы ҚР ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаев болып табылады»,- деп атап өтті «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Нұрлан Жұмагелді.

Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен медальдар, ал барлық қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар беріледі. Ұйымдастырушылар - ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «Дарын» РҒПО және республикалық физика-математика мектебі.

«Мен үшінші жыл қатарынан Халықаралық Жәутіков олимпиадасына қатысып келемін. Елордалық ретінде барлық қатысушылар мен қонақтарды қарсы алғанымызға қуаныштымын. Бүгін Олимпиаданың салтанатты ашылуы керемет шабыттандырды. Барлығымызға ұлттық әуенді таңдағынымызға қатты қуаныштымыз»,-деді Олимпиада қатысушысы және республикалық физика-математика мектебінің оқушысы Альтаир Ақанов.

Олимпиаданың салтанатты ашылу жиынында би ұжымдары мен вокалистер өнер көрсетті.