
Астанада жауынгерлердің туған күніне орай Кеңес Одағының батырлары – Иван Панфилов пен Бауыржан Момышұлының ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараны Қазақстан халқы ассамблеясының қалалық филиалы ұйымдастырды. Оған ҚР Парламентінің депутаттары, Астана әкімдігінің өкілдері, әскери қызметшілер, ҚХА мүшелері, жас белсенділер мен елорда тұрғындары қатысты.
Іс-шараның мақсаты – соғыс жылдарында фашистік басқыншыларды жеңуге үлес қосқан аңызға айналған жауынгер батырлардың қаһармандығы мен ерлігін еске алу, өскелең ұрпақтың бойында патриотизмді нығайту.
Рәсім әнұранды салтанатты түрде орындаудан басталды.
«Бүгінгі гүл қою рәсімі – Ұлы Отан соғысы жылдарында елімізді қорғаған батырларымызға деген құрмет. Бұл іс-шара Достық үйінің бастамасы болып саналады. Алдымен біз Иван Васильевич Панфиловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойдық, содан кейін ҚР Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлының туған күніне орай гүл шоқтарын қойдық. Олардың әрқайсысы – тәуелсіз Қазақстан тарихына өз үлесін қосқан көрнекті тұлғалар. Осылайша біз олардың Отан алдындағы еңбегін еске алып, ерліктерін жас ұрпаққа насихаттап отырмыз. Іс-шараның басты мақсаты – жастарымызға патриоттық тәрбие беру. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында алдағы жоспарымызды талқылаймыз», - деді Астана қаласы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайынова.
Елордалық ҚХА төрағасының орынбасары Әміржан Әлпейісовтың айтуынша, Иван Панфилов пен Бауыржан Момышұлы сияқты батырлардың туған күндері өткенімізді насихаттауда маңызы бар тарихи күндер.
«Батырлар туралы айтатын болсақ, ең алдымен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Отан қорғаушыларды еске аламыз. Бүгін біз 1 қаңтарда туған күні атап өтілетін генерал Панфиловқа гүл шоқтарын қойдық.Генерал Панфилов туралы ой қозғай отырып, Алматыда құрылған 316-шы атқыштар дивизиясы жайлы еске аламыз. Оның құрамында 80% Қазақстан мен Қырғызстан азаматтары болды.
Айта кетейік, біз жақында Қазақстанның Тәуелсіздік күнін атап өттік. Енді жаңа жыл қарсаңында Қазақстан халқы ассамблеясы осындай маңызы зор шараны ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, бүгін біз тағы бір тарихи күнді – генерал Панфиловтың шәкірті Бауыржан Момышұлының туған күнін атап өтеміз.
Біз жауынгерлердің Отанға деген сүйіспеншілігі мен соғыс кезінде көрсеткен ерліктерін еске аламыз. Бұл оқиға бүкіл адамзат үшін де маңызды. Мұндай тұлғалардың өмірі мен еңбегі нағыз патриотизмнің үлгісі болып саналады», — деп атап өтті Әміржан Әлпейісов.
Іс-шара соңында қатысушылар Астана әкімдігінің, Қорғаныс министрлігінің және қалалық ардагерлер кеңесінің атынан ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды.