Елордада қар тазалау жұмыстарына мыңнан аса арнайы техника мен 2,6 мың жол жұмысшысы жұмылдырылды

Елордада қар тазалау жұмыстарына мыңнан аса арнайы техника мен 2,6 мың жол жұмысшысы жұмылдырылды

Елордада көшелерді, жолдар мен алаңдарды қар мен мұздан тазарту жұмыстары тәулік бойы үздіксіз режимде жүргізілуде. Күн сайын қаладан қар полигондарына мыңдаған текше метр қар шығарылады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

13 желтоқсандағы күндізгі ауысымда қала көшелеріне қар тазалауға 2,6 мыңнан астам жол жұмысшысы мен мыңнан астам арнайы техника шықты.

12-інен 13 желтоқсанға қараған түнде елордадан 345 рейспен 4 мың текше метрден астам қар шығарылды.

Қыс мезгілінің басынан бері қаладан 78 116 рейспен 991 мың текше метрден астам қар шығарылды. Ережеге сәйкес, ең алдымен, қалада кептеліс болмас үшін өте қарқынды қозғалыс учаскелері тазаланады. Сондай-ақ орташа қарқындылығы бар учаскелер-алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т. б. орындар қардан тазартылады.

Орталық көшелерде, жолаушылар көлігі маршруттарында, аялдамалар мен тротуарларда тазалау басымдыққа ие.

Елордада бірнеше жабдықталған қар полигоны жұмыс істейді. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған.

Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарлардан бас тартуды сұрайды.

Төтенше жағдай туындаған кезде «112» телефонына хабарласыңыз.