Астанада есірткі жарнамаларын өшіру іс-шарасы өтті

Астанада есірткі жарнамаларын өшіру іс-шарасы өтті

Елорданы Алматы ауданында құқық бұзушылықтың алдын алу іс-шарасы өтті, деп хабарлады Астана әкімдігінің ресми сайты.

Рейдтік іс-шараны Алматы ауданының әкімдігі, прокуратурасы және полиция басқармасы ұйымдастырды. «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты волонтерлер де көмекке келді.

«Бүгінгі іс-шараның нақты бағыты – наркотикалық және синтетикалық заттардың жарнамасын жою. Яғни, аудандағы үйлер мен мекемелердің қабырғаларына, тротуарлар мен жолға жазылған, наркотикалық және синтетикалық заттардың жарнамасы болуы мүмкін түрлі граффити, QR-кодтар, жазбалар, суреттер өшірілді. Әр нүктелерге барып, суреттер мен жазбаларды өшіруге бізге волонтерлер де қол ұшын беруде. Қазіргі кезде жазбалар мен суреттердің полиция анықтаған 15-ке жуық түрі белгілі. Бұндай белгісі бар граффити, QR-кодтарды бірден өшіреміз. Сондай-ақ басқа да сызбаларды тазалаймыз, өйткені бұл вандализмге жатады», - деді Алматы ауданы әкімдiгi ішкі саясат бөлімінің басшысы Айбын Айдынұлы.