Қалалық №3 көпсалалы балалар ауруханасында бүгінде 300-ге жуық науқас бала емделуде, оның 100-ден астамы жедел респираторлық вирустық инфекция бойынша ем алып жатыр. Сырқаты асқынған науқастардың көпшілігі – вакцинацияланбаған. Бұл туралы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Досмырзаева мәлімдеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Коронавируспен ауыратын балалардың көпшілігі өкпенің қабынуы бойынша емделіп жатыр, олардың арасында асқынған түрі тіркелмеген. Бұл сондай-ақ екпенің арқасында осындай нәтиже көрсетіліп отыр, деді қалалық денсаулық сақтау өкілі.
«Айта кету керек, стационарға түскен балалардың 97%-дан астамы – вакцинацияланбаған. Оларда асқынулар, яғни ентігу немесе құрысу жиі болады. Жоғарыда аталған көрсеткіштер халықты жұқпалы ауруларға қарсы иммундау – аурудың алдын алуда маңызды рөл атқаратындығының дәлелі болып саналады», – деді Досмырзаева.
Ол ЖРВИ және тұмаумен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсету үшін емханаларда дүйсенбіден сенбіге дейін сағат 08.00-20.00 аралығында сүзгі кабинеттері жұмыс істейтінін айтты.
Сондай-ақ, ұлттық күнтізбе бойынша қалалық емханалардың екпе кабинеттерінде инфекцияларға қарсы жоспарлы вакцинация жүргізіледі.
Денсаулық сақтау басқармасының өкілі елорда тұрғындарын өз денсаулығы мен балаларының денсаулығына сақтықпен қарауға, сондай-ақ вакцина арқылы аурулардың алдын алуға шақырды.