Астанада Боччадан ІІІ Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр

Астанада Боччадан ІІІ Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр

Боччадан Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек спорт сарайында үшінші Қазақстан чемпионаты басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Кейінгі 2 жылда бұл спорт түрі танымалдыққа ие бола бастады. Себебі қысқа ғана уақытта Қазақстан чемпионатынан бөлек, былтыр бірінші рет Қазақстан кубогі, Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналған турнир т.б біршама жарыстар ұйымдастырылды. Қазақстан ұлттық құрамасы сапына кірген пара спортшылар 2023 жылы Азия Пара ойындарында алғаш рет бақ сынады.

«Боччадан Қазақстан чемпионаты жаңа деңгейге көтеріліп отыр. 2023 жылы біріншілікке 47 пара спортшы қатысса, биыл олардың саны 90-ға жуықтады. Паралимпиадаға кіретін пара спорт түріне қызығушылық уақыт өткен сайын артып жатыр. Қазіргі сәттің өзінде республикамыздың 10 өңірінде филиалдарымыз жұмыс істеп жатыр. Ұлттық құрама сапында 41 отандасымыз бар. Енді ғана дамып жатқан пара спорт түрінде халықаралық турнирлерде алғашқы жүлделер де қоржынымызға түсе бастады. Мамыр айының ортасында Финляндияда өткен халықаралық додада жеке сайыстан Қуаныш Асқарбеков пен командалық бәсекеде қола жүлдеге ие болдық. Бұл біздің жетістіктеріміздің бастауы деп білемін. Алдағы уақытта қола жүлде күміс пен алтынға айналады деп сенемін. Осы пара спорт түрін қолдап отырған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысымды білдіремін. Боччамен айналысып жатқан барша жандар мен ата-аналарға ерекше рақметімді айта отырып, бәріңізге сәттілік тілеймін», - деді Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев ашылу салтанатында.

Биылғы жарыстың басты ерекшелігі – командалық және жұптық бәсекеде жүлделер сарапқа салынып жатыр.

«Бастапқыда бұл спорт түріне қызығушылығым қатты болмады. Сырт көзге қарапайым допты лақтыру секілді болып көрінді. Бірақ бірінші ойнаған сәтте-ақ бочча мені баурап алды. Менің бойымдағы басты қасиет – айналысқан дүниемнен нәтиже шығару. Сондықтан 2 жылдай уақыт аралығында ел ішінде үздік екенімді дәлелдедім. 2023 жылы Азия Параойындарына қатысып, әлемнің ең мықты елдерімен күш сынастым. Әрине, жеңілістер оңай тимеді. Бірақ халықаралық дәрежедегі дода менің бойымдағы қателіктерді көрсетіп берді. Қателіктермен бөлек, бочча федерациясының қолдауымен Таиландта оқу-жаттығуын өткізіп, мықтылармен тәжірибе алмастым. Бұл жетістіктеріммен тоқтап қалғым келмейді. Паралимпиада, Әлемдік додаларда топ жарғым келеді», - деді Финляндияда қола жүлде алған Қуаныш Асқарбеков.

Айта кетейік, боччадан Қазақстан чемпионаты 31 мамырға дейін жалғасады.