«Ресми жұмысқа тез орналастым»: «JOLTAP» бойынша оқыған елордалық бағдарлама туралы айтты

«Ресми жұмысқа тез орналастым»: «JOLTAP» бойынша оқыған елордалық бағдарлама туралы айтты

Елордада жұмыссыз жүрген қала тұрғындарының жұмыс тауып, қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін «JOLTAP» жобасы қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бүгінде жоба аясында 2 мыңнан астам елорда тұрғыны түрлі мамандықтар бойынша оқыту курстарынан өткен. Ал оқыту бағдарламалары еңбек нарығының сұраныстарына сүйене отырып жасалған. Оқыту курсынан өтіп, жоба арқылы жұмыс тапқандардың бірі – елордалық Төлеби Тұрсынбаев. Бариста мамандығын меңгерген қала тұрғыны бағдарлама туралы кездейсоқ білгенін айтады.

«Мен өзім елордаға Түркістан қаласынан келдім. Негізі қаржыгер мамандығы бойынша дипломым бар. Бірақ ол салада жұмыс істеген жоқпын. Тек тұрмыстық техникаларды жөңдеу ісімен айналастым. Бұл жоба туралы кездейсоқ білдім деп айтсам болады. Астанада адам көп жиналатын орындарда осындай пунктердің ашылып жатқанын көріп жүрдім. Бір күні жай қызығушылық танытып, кіріп көрдім. Ал іште отырған қызметкерлер маған қандай мамандыққа оқуға болатынын айтып берді. Барлық шарттарды түсіндірді. Содан бариста мамандығын таңдадым», - дейді қала тұрғыны.

30 жастағы Төлеби Тұрсынбаев соңғы кезде танымалдылыққа ие болып жатқан мамандық бойынша бұрын да аз уақыт жұмыс істеп көргенін айтады. Бірақ біраз жылдық үзілістен кейін «JOLTAP» жобасы бойынша білім алу кезінде кәсіби мамандардан иісі аңқып, дәмі тіл үйіретін кофе жасауды қайта меңгерген.

«Оқыту курсы сәуір айында болды. Бес күн ішінде баристаның негізгі қызметтерін үйретті. Курс өте жақсы өтті, барлығы түсінікті болды. Бұрын менде бариста қызметінде аз да болса тәжірибе болғандықтан, негізгі жұмыс барысын тез еске түсірдім деп айтсам болады. Курс біткен соң бірден жұмыс таптым. Әрине, алдымен сынақ мерзімі болды. Ал ресми түрде жұмысқа тез орналастым. Шынымды айтсам, бариста болуды армандаған жоқпын. Бірақ кофеманмын деп айта аламын. Жалпы мұндай жұмыс менің көңіліме жақын. Жайлы және шығармашылық еркіндік бар», - дейді ол.

Бүгінде арамызда кейіпкеріміз сияқты бар мүмкіндікті пайдаланып, жұмысқа орналасқан тұрғындар көп. Биыл елордада осы жоба бойынша 10 мың тұрғынды жаңа мамандықтарға оқыту жоспарланып отыр.

Айта кетейік, қатысушылардың таңдауына 14 мамандық ұсынылған. Ал оқыту бағдарламалары мамандыққа байланысты 2 аптадан 1 айға дейін барынша қысқа мерзімде практикалық дағдыларды ұсынуға бағытталған. Жоба арқылы оқығысы немесе ақыл-кеңес, бағыт-бағдар алғысы келетін кез келген азаматқа қаланың адам көп жиналатын орындарында орналасқан «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттерінде тегін кеңес беріледі.