Елордада «Жағалау» тұрғын үй кешенін абаттандыру жобасы таныстырылды

Елордада «Жағалау» тұрғын үй кешенін абаттандыру жобасы таныстырылды

Елорданың Нұра ауданында «Жағалау» тұрғын үй кешенінің абаттандыру жобасы таныстырылды. «Киелі мекен» апталығы аясында өткен іс-шарада ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, тұрғын үй кешені ауласына 100 ағаш отырғызылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Сенбілік кезінде Нұра ауданы әкімі Жүсіп Жұмағұлов тұрғындарға кварталішілік аумақты күрделі жөндеу жобасы туралы айтып берді. Биыл аудан әкімдігі 18 гектарды құрайтын аумақта абаттандыру жүргізбек. Оның аясында «Жағалауға» қарасты барлық 19 тұрғын үй ауласы қамтылады. Сондай-ақ 150 ағаш, бос жерлерге көпжылдық өсімдіктер мен көшеттер бар алаңқайлар отырғызу, 200 жарықтандыру тірегін орнату секілді жұмыстар жоспарланған. 

«Абаттандыру жобасына балалар алаңдарын күрделі жөндеу, тротуар желілерін, тұрақ аймақтарын салу, ағаштармен, көпжылдық өсімдіктермен көгалдандыру және саябақты абаттандыру кіреді. Өзгерістер тек аулаларға ғана емес, Ш.Айтматов пен І.Омаров көшелеріне де әсер етеді», – деді Нұра ауданы әкімдігінің Ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Ернар Мырзахан.

Аталған тұрғын үй кешенінің тұрғындары барлығы 120 қап қоқыс жинады. Жиналған қоқыс толы қаптар купондарға, спорттық құрал-жабдықтарға айырбасталды. Одан соң тұрғындар үшін палау, шай және тәттілермен дастархан ұйымдастырылды. Сенбілікке қатысқандардың бірі – елордалық зейнеткер Тілеубек Сәмітбаев.

«Жағалау» тұрғын үйі кешенінде 6 жылдай тұрамын. Аула маңы жыл сайын көркейіп келеді. Ауданымыздағы хакім Абайға арналған саябақ ерекше ұнайды. Кеш сайын немерелеріммен сергіп қайтамыз. Бірақ аумақтағы орындық не жарық тіректерін сындырып кететін жағдайлар да жоқ емес. Әр тұрғын өз ауласын тазалауға, бұзақылық жасамауға, жасыл желекті күтіп-баптауға атсалысу керек», – деді қала тұрғыны.