«Киелі мекен»: Астаналық спортшылар экологиялық акцияға қатысты

«Киелі мекен»: Астаналық спортшылар экологиялық акцияға қатысты

Елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты ауқымды экологиялық акциясы өтіп жатыр. «Киелі мекен» ұранымен басталған экологиялық акцияға Астана қаласының спортшылары басқармаға қарасты мекеме қызметкерлері өз үлестерін қосты.

Олар елордадағы «Ғашықтар»
саябағын, румын ақыны Михай Эминеску бюстін, сәулетшілер мен құрылысшыларға арналған ескерткішке және оның айналасына тазалық жұмыстарын жүргізді. Айтулы шараға Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, жастар және жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан әлем чемпионы Едіге Емберді, көркем гимнастикадан Азия чемпионатының жеңімпазы Эрика Жайлауова, тоғызқұмалақтан әлем чемпионы Әділет Бекмахан секілді елімізге танымал бірқатар спортшылар бірлесіп, сенбілікке белсенді қатысты.

«Әрбір ескерткіштің тарихи маңызы бар. Әрқайсысы терең тарихтан сыр шертеді. Себебі тарихи-мәдени мұраларды қорғау, күтіп ұстау – тұрғындарға да тікелей байланысты. Ескерткіштердің тарихи маңызын өзіміздің қала тұрғындарына соның ішінде жастарға көбірек түсіндіргеніміз абзал. Осы апта «Киелі мекен» деп аталатын экологиялық акцияға мен де өз үлесімді қостым. Сенбілік - бұл аумақты тазарту ғана емес, қарым-қатынас, жақсы көңіл-күй, жағымды эмоциялар. Сенбілік өте қызу және белсенді өтті», - деді жастар және жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан әлем чемпионы Едіге Емберді.

Елордада барлығы 117 ескерткіш болса, оның 46-сы – мемлекет қорғауында. Айта кету керек, Астанада ауқымды экологиялық науқан жалғасуда. Ол бес аптаға созылады, олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналған. Бұл апта «Киелі мекен» деп аталады.