
Астанадағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған «Әл-Фараби ілімдерінің педагогикадағы рөлі» атты республикалық ғылыми-педагогикалық конференция өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласы Білім басқармасының қолдауымен, Астана қаласы әкімдігінің әдістемелік орталығы және Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы ұйымдастырған іс-шараға елордадағы ұстаздардан бөлек, еліміздің әр облысы мен Алматы, Шымкент қалаларының барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарының педагогтері қатысты.
«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп Әбу насыр Әл-Фараби айтқандай, білім және тәрбие мәселесіне келгенде міндетті түрде Әл-Фарабидің іліміне жүгінеміз. Саналы ұрпақ тәрбиелеу балаға берілетін тәрбиеден бастау алады. Өздеріңізге мәлім, елімізде ҚР Оқу-ағарту министрлігінің әзірлеуімен «бір тұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды. Бұл бағдарлама да ұлттық, адами құндылықтарға негізделген. Өйткені тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Бала тәрбиесіне мектеп қана жауапты емес, ол бүкіл қоғам бірілесіп назар аударатын маңызды мәселе. Баланың жақсы тәрбие алуы отбасынан басталады. Отбасы тәрбиесі дұрыс болмаса, саналы білім алу да қиын. Осы мақсатта еліміздің 7832 білім беру ұйымында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» ашылды. Бүгінгі конференцияда балаға білім беруді тәрбиемен қалай байланыстырамыз? Берген біліміміз тәрбиемен тамырлас болмаса, ол қаншалықты құнды білім болмақ?” деген түйінге ден қойылып отыр”,- деді іс-шараның ашылу салтанатында сөйлеген Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім Академиясы «Психология, тәрбие және тұлғаны дамыту» орталығының директоры Анар Тәңірбергенова.
Әбу Насыр әл-Фарабидің бай мазмұнды шығармашылық және ғылыми мұрасына жұртшылықтың назарын аудару, жас ұрпақ санасына әл-Фараби идеясын сіңіру мақсат етілген конференцияның пленарлық отырысында ҚР ҰҒА-ның құрметті академигі, «Еуразия тарихы мен мәдениетін зерттеу» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессоры Сатай Сыздыков, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Эстрада өнері» каферасының аға оқытушысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Мәдениет қайраткері Майра Дәулетбақ, С. Нәрікбаев атындағы KAZGUU университетінің философиялық ғылымдарының кандидаты, ассистент-профессоры Асыл Тулеубеков және басқа да мамандар әл-Фарабидің философиялық мұрасының әртүрлі аспектілеріне арналған баяндамалар оқыды.
«Әдебиет секциясы», «тәрбие секциясы», «ғылым секциясы», «өнер секциясы» өткізіліп, қатысушылар әл-Фарабидің дүниетанымының негізгі ерекшеліктерін, оның философия, лингвистика, психологияға арналған еңбектерінің түпкі идеяларын, сондай-ақ ұлы ойшылдың адамзат өркениетінің дамуына қосқан үлесін жан-жақты талқылады. Сондай-ақ конференция бағдарламасы аясында қатысушылар Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Сирек кітаптар мен көне қолжазбалар» қорымен танысты.