Эстонияның Тарту қаласында көркем гимнастикадан дәстүрлі «Мисс Валентайн» Гран-приі аяқталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Биыл 30 мемлекеттен таңдаулы 33 спортшы қатысқан жарыста Астана қаласының спортшысы Айбота Ертайқызы екі медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама өкілі доппен өнер көрсетуде күміс жүлдегер атанса (32.700 балл), шығыршық жаттығуында қолаға (32.550 ұпай) ие болды.
Сондай-ақ, Айбота ұршық және лентамен өнер көрсетуде финалға шығып, жүлдеге бір табан жетпей, 4-сатыға тұрақтады.
Айта кетейік, «Мисс Валентайн» турнирі 1995 жылдан бері тұрақты өтеді. 2020 жылдан бастап бұл жарыс көркем гимнастикадан халықаралық Гран-при сериясына қосылған.