Қардың мол жаууына байланысты елорданың коммуналдық қызметкерлері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп, қала көшелерінің қарын тазартып жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Күндізгі ауысымда көшелердің қарын тазартуға 1700-ден астам арнайы техника мен 2500-ге жуық жол жұмысшы шықты.
Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды көшелер тазартылады.
Сондай-ақ қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумағы, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. қардан тазартылады.
Астанада 7-8 қаңтар аралығында 37 мың текше метрден астам қар шығарылды, бұл 2802 жүк рейсін құрайды.
Қыс мезгілінің басынан бастап елордада 1 436 205 текше метр қар шығарылды, бұл 105 мыңнан астам ауыр жүк рейсін құрайды.
«Қазгидромет» РМК хабарлауынша, Астанада 8 қаңтар күні қалың қар жауып, кей уақытта боран соғады.
Оңтүстік-батыстан 9-14, екпіні 15-20 м/с жел соғады.
Ауа температурасы түнде және күндіз 0-2 градус аяз.