Елордалық тұрғындар 2024 метр қашықтықты жүгіріп өтті

Елордалық тұрғындар 2024 метр қашықтықты жүгіріп өтті

Бүгін Астанадағы жаңа жылдық кешкі жарқын оқиғалардың бірі мерекелік бұқаралық жүгіру жарысы болды, оған 1000-нан астам адам қатысты, дейді әкімдіктің ресми сайты.
 
Келе жатқан 2024 жылға орай ұйымдастырылған жүгіру жарысына кез келген адам қатысуға мүмкіндік алды. Іс-шара басталар алдында қатысушылар аздап денесін шынықтырып, қыздырынып алды, алғашқы мың қатысушыға кеудеге тағылатын нөмір саны берілді.

Жарыс Ботаникалық бақтың Ақмешіт көшесі тұсынан басталды. Ал олар жүгіріп жететін соңғы межелі нүкте ЭКСПО аумағындағы бас шырша маңы болды.

Мәреге бірінші жеткен алғашқы 1000 адамға қатысқаны үшін символикалық медальдер табыс етілді.

Сонымен бірге іс-шара шеңберінде қатысушылардың арасында лотерея ойнатылып, соның нәтижесінде 5 адам велосипед ұтып алды.

Жүгіруге қатысқан тұрғындардың бірі қандай әсер алғанын айтты.
«Мерекелік жаңа жыл кешін алғаш рет осылай өткізіп тұрмын және бұл маған қатты ұнады. Көңілім сергіп, сол керемет әсермен Жаңа жылды қарсы алмақпын. Оның үстіне бүгін күннің де жылынғаны жақсы болды. Соның арқасында кеш ұмытылмастай ерекше есте қалды",-дейді қатысушылардың бірі Бауыржан Үсембаев.

Жас жігіт кәсіпқой спортшы емес екенін жеткізді, ол осы жарыс арқылы салауатты өмір салтын сақтауға ұмтылатын азаматтардың көптігін көргеніне қуанғанын да жасырмады.

Жалпы биыл қалада бұқаралық жүгіру жарысы көп өткізілді. Атап айтқанда, соның қатарында Astana Run, Astana Half, Astana Marathon, Koktal Run жарыстары, қайырымдылық жүгіру жарысы, триатлондар, инклюзивті фестивальдер, Талғат Бегелдиновтің 101 жылдығы құрметіне арналған жүгіру және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды. Мұндай оқиғалар елорда тұрғындары мен қонақтарының
мәдени өмірінің бір бөлігіне айналды.
Соның арқасында спорттық іс-шараларға қатысушылар саны жылдан жылға артып келеді.

Сонымен қатар бүгін кешкі сағат 21:00 мен 02:00 аралығында Қалалық алаңдағы «Қазақ елі» монументі жанында және ЭКСПО алаңында елорда тұрғындары мен қонақтары үшін «Жаңа жыл түні» атты мерекелік концерт өтетінін еске саламыз.
Концертке Qanay, Әли Оқапов, Ayree, Маржан Арапбаева, Ильхан Ихсан, Кенжебек Жанабілов, Диана Исмаил, Аука, Еркеш Хасенов, Серік Ибрагимов, Әлішер Каримов, «Килиманджаро» тобы, Алмас Кішкенбаев, Бейбіт Қорған сияқты және басқа да эстрада жұлдыздары қатысып, өнер көрсетеді.