
Республика күні елорданың барлық бес ауданындағы елді мекенде ересектер мен бүлдіршіндер үшін интерактивті концерттік бағдарламалар өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Биыл елордада Республика күнін мерекелеу аясында 200-ден астам мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Концерттер тек қаланың білім беру, мәдениет және спорт мекемелерінде ғана емес, сонымен қатар қаланың бес ауданының елді мекендерінде де өтті.
Мәселен, 25 қазанда Республика күні сағат 12.00-ден бастап 5 ауданда тұрғындар үшін шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттік бағдарламалар өтті. Сонымен бірге спорттық эстафеталар ұйымдастырылып, бүлдіршіндер аниматорлармен бірге көңіл көтерді.
Аудандар бойынша іс-шаралар мынадай орындарда өтті:
Сарыарқа ауданы – Көктал-2 тұрғын алабы (Қорғалжын гүлзары);
Байқоңыр ауданы – Өндіріс тұрғын алабы;
Алматы ауданы – Интернациональный тұрғын алабы (Мекере көшесі, 2/1);
Есіл ауданы – Пригородный тұрғын алабы;
Нұра ауданы – Жағалау шағын ауданы (Сығанақ-Айтматов қиылысындағы саябақ).
Естеріңізге сала кетейік, Республика күнін мерекелеу аясында елорда тұрғындары «Менің елім – Менің туым!» челленджін бастады.
Астананың бес ауданында терезелер мен балкондарға және көше бойына 1000-нан астам ту ілінді.
Сонымен қатар, «Астана жастары» еріктілері елорда көшелерінде Отанға деген сүйіспеншілігін құшақтасу арқылы білдіретін арнайы акция өткізді. Еріктілер қала көшелеріне «Әр құшақта – Отанға деген махаббат» жазуы бар тақтайшамен шықты.
Сондай-ақ, «Мейірімді қала» акциясы аясында еріктілер жолаушыларға бірлік пен патриотизмді насихаттап, шоколад сыйлайды.