Астананың қос бірдей спортшысы Азия пара ойындарының жүлдегерлері атанды

Астананың қос бірдей спортшысы Азия пара  ойындарының жүлдегерлері атанды

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия Пара ойындарының аясында Ұлттық құрама сапындағы Астана қаласының спортшылары пара дзюдодан бірінші және екінші орынды иеленді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Осыған дейін хабарлағандай, пара дзюдодан J1 санаты бойынша (мүлдем зағип атлеттер) 73 келіге дейінгі салмақта алғаш рет Азия Пара ойындарында қос қазақ спортшының ақтық белдесуде кездесетінін жазған болатынбыз.

Ақтық белдесуде ел намысын арқалаған қос астаналық пара дзюдо шеберлері кездесіп, бабы мен бағы тең түскен Ерғали Шамей IV жазғы Азия Пара ойындарының чемпионы атанды, ал Асылан Нұрдәулетовке күміс жүлде бұйырды.

Ханчжоу төріндегі IV жазғы Азия Пара ойындарында пара дзюдодан 73 келі салмақ дәрежісіндегі жеңімпаз және жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне Қазақстанның делегация өкілі тарапынан Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов арнайы қатысып, қос қазақ спортшыларын марапаттады.

Осылайша, Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия Пара ойындарының төртінші күні Астана қаласының пара дзюдошылары Қазақстан командасының қоржынына үшінші алтынды және бесінші күміс медальді салды.

Еске сала кетейік, осыған дейін тағы бір жерлесіміз Ақмарал Науатбектің Азия Пара ойындарының чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.