Астанада жаңартылған екі кітапхана ашылды

Астанада жаңартылған екі кітапхана ашылды

Биыл елордада 4 қалалық кітапхана жаңғыртылды. Олардың екеуі кітапханашы күні және Республика күні қарсаңында 24 қазанда ашылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

№4 балалар кітапханасында, сондай-ақ зағип және нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапханада биыл материалдық-техникалық база жаңартылды: заманауи эргономикалық жиһаз қойылды, дизайнермен жұмыс жүргізілді, қасбеті жаңартылды, сондай-ақ кітапханалардың бірі орналасқан үйдің қабырғасында мурал жасау бойынша суретшілермен жұмыс жүргізілуде.

Сонымен қатар, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапханада жаңа жабдық орнатылды: «Оқу машинасы» сөйлеу синтезі бар компьютерлік тифлокешен, оның көмегімен нашар көретін оқырмандар кітап оқи алады, сол сияқты өңдеп, басып шығара алады.

«Кітапхана қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Бүгін Қазақстан Жазушылар одағының елордалық филиалында сіздердің ағарту бағытына қосқан үлестеріңіз ерекше айтылды. Жазушылар мен кітапханашылар – бұл ажырамас жүйе, оның жүрегі – оқырман. Сондықтан кітапхананы жаңарту – шығармашылық дүниені ұнататындар үшін үлкен қуаныш», - деді Астана әкімінің орынбасары Есет Байкен кітапханаларды ашу кезінде.

Жаңғыртылған оқу залдарын көрсеткеннен кейін кітапхана жүйесі қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Айта кетейік, бүгінде қалада 78 000-нан астам оқырман баратын 18 қоғамдық қалалық кітапхана жұмыс істейді.

Барлық дерлік кітапханалар оқу, жұмыс және шығармашылық даму үшін ашық кеңістікке айналды.
Олардың көпшілігінде тегін үйірмелер, қызығушылық клубтары және мәдени орталықтар бар.

Жаңа 2024 жылы қаланың әр ауданында тағы төрт жаңа кітапхана ашу жоспарланып отыр.