
Астанада өткен пара хоккейден әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Елімізде алғаш рет өткен әлем чемпионатына бас аяғы 6 команда қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Финляндия, Словакия, Швеция, Ұлыбритания, Жапония және Қазақстан құрамалары өнер көрсетті.
Қазақстан ұлттық құрамасының кеңесшісі Николай Шаршуковтың айтуынша ойын барысында Қазақстан құрамасы В дивизиондық орнын сақтай отыра, әлемдік деңгейдегі доданы сәтті аяқтады.
«Кез-келген жарыста әр команда жеңіске жетуге ұмтылады. Оның үстіне 2021 жылы ғана құрылған команда бір жыл ішінде С дивизионында 2-орын алды.
Ойыншылар осы қарқынмен жоғарғы лигаға үмітті болды. Дегенмен жарыс барысы Қазақстанның лайықты деңгейін көрсетті. Алдағы уақыттағы жоспарымыз 2024 жылы В дивизионының кезекті ойындары өтеді.
Әзірге біздің мақсатымыз – әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалып, биылғыдан қарағанда жақсы нәтиже көрсету», - дейді Николай Шаршуков.
Чемпионаттың соңғы ойынында еліміздің спортшылары Ұлыбритания командасын 4:3 есебімен жеңіп, турнирдің жалпы рейтингінде төртінші орынға тұрақтады.
Жарыстың нәтижесі бойынша Жапония мен Словакия құрама командалары А-pool пара хоккейден әлем чемпионатына қатысуға жолдама алды.
Жарыстың ұйымдастырушылары – ҚР Туризм және спорт министрлігі, SportQory, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазақстан халқына» қоры, Қазақстанның Ұлттық паралимпиада комитеті және Астана қаласының спорт басқармасы.