Астанада тұрғын үй кешенінің орнына гүлзар салынды

Астанада тұрғын үй кешенінің орнына гүлзар салынды

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында көпқабатты үйлердің орнына қоғамдық кеңістіктер салынып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Көпқабатты тұрғын үй кешендері салынуы тиіс 20-ға жуық учаскеде әлеуметтік нысандар ашылады. Олар – мектептер, емханалар, қоғамдық орындар (гүлзарлар, желекжолдар, аулалар), балабақшалар.

Мәселен Р.Бағланова көшесі мен Тұран даңғылының қиылысында жекеменшік құрылыс салушы тұрғын үй кешенін салуды жоспарлаған.
Осы мәселеге байланысты жақын маңдағы үйлердің тұрғындары бізге жүгініп, аталған орынға саябақ салуды өтінді. Нәтижесінде тұрғын үй құрылысынан бас тартылды, ал «Svoy dom» жеке инвесторымен бірлесе отырып, бұл орынға қоғамдық кеңістік салынды.

Гүлзар түрлі жас санаттарына арналып, бірнеше аймаққа бөлінген: скейт аймағы, тыныш аймақ, серуендеу аймағы, балалар ойын алаңы және т.б. Экологиялық айлық аясында тұрғындармен бірге мұнда ағаштар отырғызылады. Саябақты абаттандыру жұмысы ары қарай жалғасып жатыр.

Сонымен қатар, мысалы Есіл өзенінің жағасында, Косыгин көшесінің ауданында Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына өзгерістер енгізілді, көппәтерлі тұрғын үй кешендері гүлзарға, «Copenhagen» ТК ауданында көппәтерлі тұрғын үй кешені де гүлзарға ауыстырылды.
«Nova City» ТК ауданында – балабақшаға, «Городской романс» ТК ауданында – мектептің жаңа ғимаратына, балабақшаға, гүлзарға және т.б.

Сол сияқты биыл қаңтар айынан бастап қалада инженерлік желілердің болмауы және бас жоспардың келісімінсіз жаңа құрылысқа рұқсат берілмейтінін атап өткім келеді», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.