Астана қаласында 2023 жылы жаңа оқу жылының қарсаңында №7 Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ата-аналар бұл мекемеге өз бетінше немесе денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік мекемелердің жолдамасы бойынша бара алады.
Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация кабинеті арнайы білім беру мекемелерінің бірі. Негізгі бағыттары – туғаннан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің даму ерекшеліктерін психологиялық, медициналық, педагогикалық тұрғыдан зерттеп, қорытынды шығарып, балаларға психологиялық-медициналық-педагогикалық және әлеуметтiк көмек көрсету жөнiнде ұсынымдар әзiрлеу.
Сонымен қатар, арнайы бiлiм беру, түзете-дамыту бойынша бағыт-бағдар көрсетіп, ата-аналарға кеңес беру болып саналады.
Қазіргі таңда №7 ПМПК мекемесі Ұлы дала даңғылында орналасқан №95 мектеп-лицейінің ғимаратында жұмысын бастап кетті.
Алдағы уақытта Астана қаласы Есіл ауданының тұрғындарына қызмет көрсететін болады.