Астанада дәрігер Иван Лиді еске алуға арналған мемориалдық тақта ашылды

Астанада дәрігер Иван Лиді еске алуға арналған мемориалдық тақта ашылды

Астанада №2 қалалық көпсалалы аурухананың бұрынғы басшысы Иван Лиді еске алу іс-шарасы өтті. Оның құрметіне медициналық мекеме ғимаратының қасбетіне мемориалдық тақта орнатылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Еске алу іс-шарасына елорда әкімдігінің, Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, Иван Лидің әріптестері мен туыстары қатысты.

«Иван Иванович өмірден өткенде біз үлкен ағамыздан, құрметті адамнан айырылдық», – деді Астана әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев.

Иван Ли елордалық аурухананы 2016 жылдың сәуірінен бастап басқарды.
2018 жылы Астананың медициналық ұйымдары арасында денсаулық сақтау саласының ең тиімді менеджері ретінде «Алтын Шипагер» медициналық сыйлығын алды. Сол сияқты «Құрмет» орденімен (2013 жыл), «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен марапатталған.
2020 жылдың маусым айында ҚР Президентінің Жарлығымен азаматтардың денсаулығын сақтау бойынша қажырлы еңбегі үшін «Парасат» орденімен марапатталды.

«Біз ұзақ уақыт бірге қызметтес болдық, оның көптеген тың идеялары бар еді. Бәрін соңына дейін жеткіземіз деп үміттенемін.
Бір кездері ол аурухананың деңгейін жоғары күйге келтірген. Меніңше ол өзінің бастамалары жалғасып, тиісті деңгейде дамып жатқанына қуанар еді. Құрметті әріптес, өз ісінің кәсіби маманы, алтын адам Иван Иванович әрқашан адамзатқа, өз кәсібіне деген адалдықтың үлгісі болған және болып қала береді», – деп атап өтті Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.

Пандемия уақытында №2 қалалық көпсалалы аурухана алғашқылардың бірі болып КВИ-мен күресудің үлкен жүктемесін қабылдады.
Аурухананың бас дәрігері Иван Лидің басшылығымен COVID-19 бойынша алғашқы мобильді талдау пункттері ашылды. Ол пациенттерді өзі қабылдап, тексеруден өткізді.

Коронавируспен күрестің бел ортасында 2020 жылдың 25 шілдесі күні 60 жасында Иван Иванович Ли қайтыс болды.

«Құрметті достар, әріптестер, аға жолдастар, мен үшін әкемді еске алуға арналған осындай іс-шараға қатысу үлкен бақыт. Аурухана басшылығына еске алу іс-шарасын өткізгені үшін алғыс айтамын. Өмірін медицинаға арнаған адам үшін осындай деңгейде еске алу жиынын өткізу – үлкен қуаныш.
Баршаңызға амандық тілеймін», – деді Иван Лидің ұлы Антон.

Иван Иванович аурухана қызметкерлері үшін ғана емес, Қазақстанның медицинасы үшін талантты басшының үлгісі болды.
Әріптестері оны кәсібилігі мен адами қасиеттері үшін құрмет тұтты. Еңбек жолында мыңдаған адамның денсаулығын аман алып қалды.