Астанада асық ойнайтын алаңдар ашылды

Астанада асық ойнайтын алаңдар ашылды

Астананың 25 жылдығына орай Сарыарқа, Есіл және Алматы аудандарында асық ойнайтын алаңдар ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 

Сарыарқа ауданындағы Гүлдер саябағында орналасқан алаңның ашылу салтанатына аудан әкімі Бауыржан Ералы, Парламент депутаты Айдарбек Қожаназаров, Асық ату федерациясынң өкілдері мен ойын шеберлері қатысты. 

«Бәріміз бала кезімізді асық ойнадық. Қазір телефон, гаджет түрлері дамыған заманда балаларды асық ойнауға үйретуіміз керек. Бұл алаң «Respublica» партиясының бастамасымен ашылып отыр. Асық барлық жастағы  адамға қолжетімді ойын. Жаңа алаңдар арқылы елордада асық ойнайтын жастар қауымы қалыптасады деп үміттенемін», – деді Сарыарқа ауданының әкімі Бауыржан Ералы.

Бұл алаңның ерекшелігі – асық тарихы және ойын түрлері мен ережелері туралы мағлұматты арнайы енгізілген QR-код арқылы білуге болады.

Ашылу салтанатында қатысушылар кезек кезек асық ойнады. Асық атудан Қазақстан чемпионы 16 жатсағы Аружан Жақыпбек те өз өнерін көрсетті.

«Мен асықты 4-сыныптан бері ойнаймын. Үйде тек мен ғана осы спорт түріне қызықтым. Осы уақытқа дейін түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым», – дейді елордалық Аружан Жақыпбек.