Елорданың Амфитеатрында «Аялаған Астана» гала-концерті өтеді

Елорданың Амфитеатрында «Аялаған Астана» гала-концерті өтеді

Елорданың 25 жылдығына орай Астана қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен ашық аспан астында «Аялаған Астана» гала-концерті өтеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Аялаған Астана» – дарынды балаларды сахна өнерінің барлық құпиялары мен шоу-бизнес негіздеріне үйрететін еліміздің жас жұлдыздарының нағыз фабрикасы. Жоба тәлімгерлері – режиссура, вокал, хореография, актерлік кәсіп, имидж және стиль шеберлері. Жобаның арқасында қатысушылар шығармашылық ортада болып, керемет кәсіби тәжірибені үйрену мүмкіндіктеріне ие болады. Бүгінгі күні «Аялаған Астана» жобасы нағыз ұлттық брендке айналды.

Республикалық балалар байқауы 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – аймақтар бойынша іріктеу, екінші кезең – финал. Байқауда 8 бен 12 жас аралығындағы балалар эстрадалық-вокалдық жанрында өнер көрсетіп, бақтарын сынайды.

«Аялаған Астананың» алғашқы кезеңі 2013 жылы өткен, содан бері 9 кезең сәтті өтті. «Аялаған Астана» жобасы арқасында көптеген жұлдыздар, олардың ішінде Болат Батырбаев, Мұхамедали Жүгінісов, Данелия Төлешова, Жәнел Сәдуақас сынды жас өнерпаздар танылды. «Аялаған Астана» жобасының жеңімпаздары мен лауреаттары беделді халықаралық фестивальдарда өнер көрсетіп жүр.

Гала-концертке біздің елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде де жетістікке жеткен өткен жылдардағы байқау финалистері қатысады. Ал биылғы жылы үздік атанған қатысушы «Детская Новая Волна» атты халықаралық байқауда Қазақстанның намысын қорғайтын болады.