Мемлекеттік рәміздер күні: елордада республикалық деңгейде бәйге өтті

Мемлекеттік рәміздер күні: елордада республикалық деңгейде бәйге өтті

Бүгін Астана маныңдағы «Қазанат» атшабарында
Мемлекеттік рәміздер күніне орайластырылған республикалық деңгейде бәйге өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Дүбірлі доданың ашылу салтанатына Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының президенті Ерлан Қаналимов, Қазақ ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов және Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысып, шабандоздарға сәттілік тіледі.

«Баршаңызды ел тарихындағы айтулы мерекелердің бірі – Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әрдайым ел іші мерекелі де берекелі, елтаңбамыз – еңселі, туымыз – тұғырлы, әнұранымыз – айбынды болсын деймін. Жылқы десе жүген ала жүгіретін қазақ үшін аламан бәйгенің алар орны ерекше екені айтпаса да түсінікті. Өйткені қазақ ат шаптырып, балуан күрестірмесе шыдап тұра алмайтын халық. Ұлттық спорт – шын мәнінде, ұлт рухының жаршысы. Оның дамуына қызмет ету баршамыздың мақтанышымыз», – деп Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен өз тілегін білдірді.

Елорда әкімдігінің қолдауымен Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының ұйымдастыруымен өткен бәйге сайысының жалпы жүлде қоры 20 000 000 теңгені құрады.

Бәйгенің «Құнан», «Жорға», «Топ» және «Аламан» түрлерінен сынға түсуге еліміздің барлық облыстары мен қалаларынан бағы мен бабы келіскен 100-ге тарта шын жүйрік Астананың төріне жиналды.

«Бүгінгі бәйге сайысына Шығыс Қазақстан облысынан 4 жылқымызды қостық. Алғашқы құнан бәйгеде біздің тұлпарымыз топ жарды. Өкінішке қарай, жорға бәйгеде мен тізгіндеген жылқы күннің ыстығына шыдамай, мәреге жете алмадым. Алдағы уақытта дайындығымды күшейтіп, тұлпарым екеуміз жүлделі орындардан көрінетін боламыз», – дейді жорға жарысында сынға түскен шабандоз Жан Қоқанбаев.

Жарыс қорытындысы бойынша:
Құнан бәйге:
7 шақырым.
1-орын: Сұлтан Төрехан (ШҚО) — 2 млн теңге;
2-орын: Дарын Сақтабек (Қарағанды) — 1 млн теңге;
3-орын: Мейір Нұрболатов (Астана) — 500 мың теңге.

Жорға жарысы:
7 шақырым.

1-орын: Чубак Жайлаубеков (Астана) — 2 млн теңге;
2-орын: Шабдан Алмазбекұлы (ШҚО) — 1 млн теңге;
3-орын: Асқарбек Жеңісев (Алматы облысы) — 600 мың теңге.

Топ бәйге:
12 шақырым:

1-орын: Бекзат Ділдәхан (Алматы облысы) — 2 млн 200 мың теңге;
2-орын: Абдыкал Асланбек (Астана) — 1 млн 300 мың теңге;
3-орын: Рымхан Нұртілеу (Астана) —900 мың теңге

Аламан бәйге:
18 шақырым:

1-орын: Абдыкал Асланбек (Астана) — 4 млн теңге;
2-орын: Аңсар Арыстанбек (Жамбыл облысы) — 2,5 млн теңге;
3-орын: Бекзат Ділдәхан (Алматы облысы) — 1,5 млн теңге.

Жарыстың соңында көрермендер арасында лотерея ойнатылып, сыйлық жеңімпаздары анықталды.