Мемлекеттік рәміздер күні: Астанада автошеру өтті

Мемлекеттік рәміздер күні: Астанада автошеру өтті

Елордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің 31 жылдығына орай жыл сайынғы автошеру ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Автошеруді елорданың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы және «Астана жастары» ЖРО ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты - тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлау, Отанға, елдің мемлекеттік рәміздеріне деген патриотизм мен сүйіспеншілік сезімін арттыру.

Автоспорт федерациясының президенті Анатолий өз сөзінде жұртшылықты бүгінгі мерекемен құттықтады.

«Біз үшін бұл ауқымы жағынан да, маңызы жағынан да ерекше мереке.

Түрлі клубтардан жиналған автокөлік әуесқойлары еліміздің туын қала ішінде алып жүру үшін жиналады.

Бұл біздің азаматтарды шабыттандырудың және оларға мерекелік көңіл-күй сыйлаудың ерекше тәсілі, өйткені осы тақырыпқа арналған автошерулер ылғи да әсерлі өтеді», - деді Анатолий Бондарь.

Іс-шараны автоволонтерлер мен Lada granta club, JDM generations, W202, Cerato club, Camry family, Skoda club, Drive club секілді өзге де автоклуб өкілдері қолдады.

Қазақстанның мемлекеттік туы бар 50-ге жуық машина Мемлекеттік рәміздер алаңынан ЭКСПО аумағы арқылы, Абылай хан даңғылымен Отан қорғаушылар алаңына дейін жүріп өтті.

«Мұндай автошерулерге біздің клуб бірнеше жылдан бері қатысып келеді. Біз ылғи да қаладағы әртүрлі мәдени іс-шараларды қолдаймыз. Мемлекеттік рәміздер күні - бұл өте маңызды, ерекше шабыт беретін мереке, сондықтан бұл күндіі ерекше түрде өткізетінімізге қуанамыз.

Мемлекеттік туы бар автошерулер - жылдағы менің сүйікті іс-шараларымның бірі», - деп бөлісті Lada Granta Astana автоклубының өкілі Вера Колодий.

Автошеру Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің 31 жылдығына орайластырылған.

Іс-шара дәстүрлі түрде 2017 жылдан бері өткізіліп келеді.