Астаналық Нұрбек Оралбай бокстан әлем чемпионы атанды

Астаналық Нұрбек Оралбай бокстан әлем чемпионы атанды

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетіп жүрген тағы бір елордалық боксшы Нұрбек Оралбай әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Өзбекстанның Ташкент қаласында бокстан әлем чемпионатында жерлесіміз Нұрбек Оралбай 80 келі салмақта сынға түсті. Ол әлем чемпионы атағы үшін финалдық кездесуде Қытай елінің атынан сынға түскен этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатқанды жеңді. Осылайша Нұрбек Қазақстан қоржынына төртінші алтынды салды.

Кеше Санжар Тәшкенбай әлем чемпионы болғанын жазған болатынбыз.

Айта кетейік, Ташкентте бокстан әлем чемпионаты 1 мамыр күні басталған болатын. 104 елден жиналған 600-дан аса былғары қолғап шебері жиналды. Жарыс 13 салмақ дәрежесі бойынша өтіп жатыр.

Әлем чемпиондары Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA) 200 000 АҚШ долларынан алады. Күміс жүлдегерлерге 100 000 мың, қола жүлдегерлердің әрқайсысына 50 000 мың АҚШ доллары беріледі.

Осылайша, Қазақстан құрамасы Әлем Чемпионатында төрт алтын және бір күміс жүлде еншіледі.