
Бүгін Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында парадзюдодан Азия чемпионатының ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Салтанатты шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, IBSA Дзюдо төрағасы (Дүниежүзілік Пара Дзюдо Ұйымы) Янош Тардос және Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысып, параспортшыларға сәттілік тіледі.
Шараның ресми ашылуы барысында «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері» спорттық атағымен елордалық қос спортшы Ақмарал Науатбек пен Ерғали Шамей арнайы төс белгімен марапатталды.
Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы» спорттық атағымен Дәурен Оразовқа және Руслан Беркімбайға арнайы төс белгі табысталды.
Салтанатты шараның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Есет Байкен, айтулы доданың ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
«Қайырлы күн құрметті спортшылар және жарыс қонақтары! Бүгін өздеріңізбен елордамыздың төрінде жолыққанымызға қуаныштымын! Пара дзюдодан Азия чемпионатының ашылу салтанатымен құттықтаймын. Бүгінгі жарысымызға Азияның 11 мемлекетінен 100-ге тарта спортшылар қатысуда. Бұл өте қуантарлық жағдай. Паралимпиадалық дзюдо бойынша әлемдік деңгейлi жарыс Қазақстанда осымен екінші мәрте өткізіліп отыр. Мемлекет басшысы Касым-Жомарт Кемелұлы Токаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде бұқаралық спорт қарқынды дамуда. Сондықтан бүгінгі турнир елімізде салауатты өмір сүру салтын насихаттап, өскелең ұрпаққа үлкен тәрбие береді деген сенімдемін. Турнирді өткізуге атсалысқан Мәдениет және спорт министрлігі және Дзюдо паралимпиадалық федерация мүшелеріне алғысымды білдіремін. Барша спортшыларға сәттілік тілеймін», - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен.
Айта кетейік, дүбірлі додаға Азияның 11 елінен 100-ге жуық үздік дзюдошылар жиналды. Атап айтқанда, Қытай Тайпейі, Үндістан, Иран, Жапония, Қырғызстан, Моңғолия, Корея Республикасы, Тайланд, Индонезия, Өзбекстан және Қазақстан елдерінен пара дзюдошылар үш күн бойы өзара жеке және командалық жарыстарда мықтыларды анықтайтын болады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша осы Азия чемпионатының қатысушылары арасында Паралимпиада және әлем чемпиондары, Паралимпиада жүлдегерлері мен әлем чемпионатының жүлдегерлері де бар.
Астананың төрінде өтіп жатқан пара дзюдодан Азия чемпионаты 30-шы сәуірге дейін жалғасады. Көрермендер үшін кіру тегін.