Астана мектептерінде 1 сәуірден бастап 1-сыныпқа құжаттар қабылдау басталады

Астана мектептерінде 1 сәуірден бастап 1-сыныпқа құжаттар қабылдау басталады

Астанада 1 сәуірден бастап 1-сыныпқа құжаттар қабылдау жұмысы басталады. Бұл туралы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева «Балаларды бірінші сыныпқа қабылдауды ұйымдастыру бойынша» брифингте мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

1 сәуірден бастап 1 тамызға дейін жалпы орта білім беретін мектептерге бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау басталады. Биылғы оқу жылына бірінші сыныпқа болжаммен 26 мыңға жуық бала келеді деп күтіліп отыр.

«Білім беру ұйымдары дайындық деңгейіне қарамастан, қызмет көрсететін аумақта тұратын алты жастағы және күнтізбелік жылда алты жасқа толатын балаларды бірінші сыныпқа қабылдауды қамтамасыз етеді. Мамандандырылған мектептерден басқа барлық мектеп бірінші сыныпқа баратын балаларды ешқандай емтихансыз қабылдайды. Әр мектепте ата-аналарға көмек көрсету мақсатында бірінші сыныпқа қабылдау бойынша комиссия құрылды», - дейді ведомство басшысының орынбасары.

Ата-аналар құжаттарын «электрондық үкімет» www.egov.kz, веб-порталы арқылы тапсырады.

Алғашқы үш өтініш мектептің аумағында тұратын балалардан қабылданады. Біреуі – ата-аналардың өтініші бойынша, яғни таңдау бойынша (3+1 қағидаты бойынша).

Бірінші сыныпқа қажетті құжаттар:
- ата-анадан өтініш;
- баланың туу туралы куәлігі;
- денсаулық жағдайы туралы анықтама № 063/у және «Бала денсаулығы паспорты» 026/у-3
- баланың 2 данада 3х4 см өлшеміндегі фотосуретi.

Білім беру ұйымы ата-анадан тізбеде көрсетілмеген құжаттарды талап етуге құқығы жоқ.

Шетел азаматтары мен Қазақстан Республикасының аумағында азаматтығы жоқ адамдардың балаларын орналастыру үшін бос оқушы орындары бар білім беру ұйымын анықтап, олардан өтініш келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жолдама беріледі.

«Осы ретте ерекше білімді қажет ететін балаларды қабылдау ата-анасының келісімімен психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы негізінде жүргізіледі. Мамандандырылған білім беру ұйымдарына қабылдау ережеге сәйкес 1 ақпаннан бастап 15 сәуір аралығында жүзеге асырылады. Конкурс 15-30 сәуір аралығында жүргізілетін болады», - дейді Маржангүл Қайырбаева
Бірінші сыныпқа құжат қабылдау мынадай жағдайда бас тартылады:
- құжаттар топтамасын толық ұсынбағанда;
- ұсынылған құжаттарының дұрыс еместігі анықталған жағдайда;
- сыныптар жиынтығы толып қалған кезде.

Егер негізсіз білім беру ұйымдарына қабылдаудан бас тартқан жағдайда Білім басқармасының 556870, 556881, 556887, 557462 телефондарына хабарласуға болады.

Айта кетейік, 1 сәуір сенбі күнге түсіп тұрғандықтан, 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау 3 сәуірден басталады.