Елордада көктемгі тазалық жұмысы: екі мыңға жуық жұмысшы жұмылдырылды

Елордада көктемгі тазалық жұмысы: екі мыңға жуық жұмысшы жұмылдырылды

Елордада ауа райының жылынуымен көшелерді, алаңдар мен аулаларды санитарлық тазалау жұмысы басталды. Жұмыс тәулік бойы екі ауысымда жүргізіледі, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Қаланың көктемгі санитарлық тазалығына екі мыңға жуық жол жұмысшы мен 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.

Арнайы ерітінді арқылы асфальт пен тротуарлар, қоршаулар, жерасты өткелдері, жол белгілері жуылады, қоқыс жәшіктері қолмен тазаланады және т.б.

Тазалық жұмысы қаланың барлық төрт ауданында, оның ішінде елді мекендерде де жүргізіледі.

Сол сияқты көпірлер, ескерткіштер арнайы өңдеуден өтеді, гүлзарлар, саябақтар, қоғамдық кеңістіктер қоқыстан тазартылады, ал қоқыс жәшіктері боялады.

Сонымен қатар, коммуналдық қызметтер еріген қар суын арнайы көлікпен сорып алады. Бұл жұмыстың бәрі тәулік бойы бірнеше ауысымда жүргізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, 16 сәуірде елордада «Бірге таза Қазақстан» дәстүрлі экологиялық акциясы басталады. Эко-айлық аясында жалпы қалалық сенбілік өткізу және көшет отырғызу жоспарланып отыр.