Елордалық оқушылар республикалық олимпиадада 50 жүлделі орынға ие болды

Елордалық оқушылар республикалық олимпиадада 50 жүлделі орынға ие болды

20-25 наурыз күндері Шымкент қаласында жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасының қорытынды кезеңі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астана қаласынан жаратылыстану-математика бағыты бойынша (9-11 (12) сыныптар) 70 оқушы бақ сынады.

Елордалық жас зияткерлер олимпиададағы үздік жетістіктерімен қуантуда. Жас олимпиадашылар ​ 50 жүлделі орынға ие болып, жоғары білім деңгейлерін кезекті рет дәлелдеді. Сонымен Астана қаласының қоржынында 7 алтын, 18 күміс және 25 қола медаль бар.

Елордалық оқушылар олимпиададағы көрсеткіштері жыл сайын артып келеді. Биылғы жылы талантты оқушылардың олимпиадада қол жеткізген жүлделерінің көрсеткіші 72% құрады. Ал өткен 2021-2022 оқу жылында бұл көрсеткіш 50% болатын.

Олимпиаданың соңғы кезеңіндегі елордалық оқушылардың жетістігі — олардың тынымсыз дайындығы және сол жолда жан-жақты дайындап, білім нәрімен сусындатқан жетекшілерінің жемісі. Оқушылардың өз қарым-қабілетімен қоса, талантын танып, дарынын ұштай білген ұстаздардың да еңбегі ерен.

Педагогтердің жоғары кәсібилігі мен шығармашылық еңбегінің арқасында елордалық оқушылар жыл сайын түрлі деңгейдегі зияткерлік олимпиадаларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.