ЖОО түлектері конкурстық іріктеусіз Мемлекеттік қызметке түсе алады

ЖОО түлектері конкурстық іріктеусіз Мемлекеттік қызметке түсе алады

Еордада «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл ЖОО түлектеріне мемлекеттік органдардағы жұмыстың ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік береді. Бұл туралы онлайн-брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев пен ведомствоның Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Бибігүл Нұрова айтып берді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Спикерлер Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген инновациялар және басқа да өзекті мәселелер туралы айтып берді.

Мәселен, жоғары оқу орындарының түлектері оқуын аяқтағаннан кейін 1 жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейлерде төменгі мемлекеттік лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындау мүмкіндігіне ие. Ол үшін жастар, біріншіден, мемлекеттік тапсырыс аясында жоғары оқу орнын аяқтауы керек, екіншіден, GPA нәтижесі 3,33-тен төмен болмауы керек.

«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын уәкілетті органның немесе оның аумақтық басқармаларының келісімі бойынша мемлекеттік лауазымдарға тағайындау құқығы бар лауазымды адам бекітетін болады.

«Биыл 1 наурыз бен 31 желтоқсан аралығында «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінде мемлекеттік қызметке іріктеу бойынша пилоттық жобаны тестілеу басталды. Пилоттық жобаның ерекшелігі – конкурс жеңімпазы барлық кезеңнің қорытындысы бойынша арнайы жүйемен автоматты түрде анықталады және конкурстық комиссияның шешіміне тәуелді емес. Дарынды, талантты және белсенді жастарды мемлекеттік қызметтегі жұмысқа тарту мақсатында «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасы іске асып жатыр. Жастар үшін бұл жоба пайдалы. Оның арқасында жоғары оқу орындарында оқитын жастар мемлекеттік қызмет саласындағы пайдалы ақпаратты біліп, қызметтің жауапкершілік жүктемесін сезіне алады», - деп түсіндірді Әли Көмекбаев.