
Елордада «Дәулет» теннис орталығында ересектер арасында Қазақстан қысқы чемпионатының финалистері анықталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бүгін жартылай финалдық матчтар мәресіне жетті.
Бірінші болып кортқа қарағандылық Арысланбек Айтқұлов пен алматылық Никита Сидоров шықты. Қарағанды теннис мектебінің түлегі қарқынын бәсеңдетпестен 6:2, 6:0 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп ол өз спорттық жолында алғаш рет ересектер арасында ел біріншілігінің финалында ойнайды. Оның қарсыласы – Тимур Мәуленов. Мәуленов тәжірибелі Тимур Хабибуллинді жолдан тайдырды – 2:6, 7:6 (7:1), 7:6 (7:3).
Әйелдер арасында елордалықтар, 14 жастағы Ариана Гогулина мен одан бір жасқа үлкен Альбина Кәкенова алтын жүлдені сарапқа салады. Ариана жартылай финалда Әдемі Аманкелдіден айласын асырды – 6:4, 4:6, 6:0. Ал Альбина Айя Мырзақұлованы ұтты – 7:6 (7:3), 6:4.
Осылайша, 25 ақпан, сенбі күні Қазақстан қысқы біріншілігінде жаңа чемпиондардың есімі белгілі болады.