Жеңіс Қасымбек «Көктал-1» елді мекенінің тұрғындарымен кездесті

Жеңіс Қасымбек «Көктал-1» елді мекенінің тұрғындарымен кездесті

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында «Көктал-1» елді мекенінің тұрғындарымен кездесуде көтерілген мәселелер туралы мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Көктал-1» елді мекенінің тұрғындарынан әлеуметтік желі арқылы сауалдар түскен болатын. Өзара байланыстың тиімділігін арттыру үшін аталмыш елді мекеннің тұрғындарымен кездестім. Кездесуде түйткілді мәселелер мен олардың шешім жолдарын талқыладық.

Көтерілген мәселелердің бірі - кәріз жүйесінің жұмысы. Қазір жобалау жұмысын жүргізіп жатырмыз. Тығыз орналасқан құрылыстан әрі нысандардың кейбір жері қызыл сызықтан асып кеткендіктен жұмыс барысы қиындап тұр. Себебі желілерді төсеуге арналған дәлізді табу қиын. Дегенмен осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жобалау жұмысын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, ал келер жылы кәріз құрылысын бастаймыз. Сол сияқты биыл кәріз жүйесіне сүзгі орнатуды жоспарлап отырмыз.

Сонымен қатар газдандыру мәселесі де көтерілді. «Көктал-1» елді мекенінде кварталішілік желілер салынғанына қарамастан жекелеген тұстарда қалған үйлер бар. Мұндай үйлер үшін газға қосылудың балама жолдарын қарастырамыз. Үйлердің газға қосылуын жеңілдету үшін рұқсат беру құжаттарының тізімі қысқартылды, тұрғындардың мұқтаж санаттарына бөлінетін сома мөлшері ұлғайды. Материалдық көмек мөлшері - 450 мың теңгеге дейін (130 АЕК).

Сондай-ақ әлеуметтік нысандар (мектептер, медицина орталықтары, спорт орталықтары), жолдар салу, ауданды абаттандыру, интернет жүргізу, қосымша автобус маршруттарын іске қосу, су қысымын арттыру, жарықтандыру, ШОБ нысандарының заңсыз қызметі және т.б. мәселелер көтерілді.

Мәселен «Көктал-1» елді мекенінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жобасына түзету енгіземіз. Тұрғындардың қажеттіліктері мен тілектерін ескере отырып, бұл спорт орталығын бассейнмен, хоккей кортымен жобалайтын боламыз. Сол сияқты №41 мектепті техникалық тексеруден өткіземіз, ал жөндеу жұмысын келер жылы аяқтаймыз. Биыл жаңа корпус (қосымша) саламыз. Жалпы әлеуметтік нысандар бойынша мәселелер бар екені ескеріле келе елді мекенді дамыту жоспарын қарап, енгізетін боламыз.

Өзге де аудандардың, елді мекендердің тұрғындарымен тұрақты түрде кездесуді жалғастырамын, сонымен қатар апта сайын азаматтарды қабылдаймын», — деп жазды елорда әкімі.