Дарынды балаларды анықтап, оларға қолдау көрсету: елордада бұл жұмыс қалай жүріп жатыр

Дарынды балаларды анықтап, оларға қолдау көрсету: елордада бұл жұмыс қалай жүріп жатыр

Елордада кәмелетке толмағандардың әлеуетін дамыту мақсатында «Астана дарыны» дарынды балалар мен дарынды жастарды анықтау және қолдау орталығы жұмыс істейді. Орталық директорының міндетін атқарушы Жанар Бейсенбаева мекеменің қалай жұмыс істейтіні және қандай іс-шаралар өткізетіні туралы онлайн-брифингте айтып берді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

«Астана дарыны» орталығының міндеті – баланың зияткерлік қабілеттерін анықтау және қолдау, ойы мен дербестігін қалыптастыратын шығармашылық тұлғаның дамуына негіз болатын әртүрлі интеллектуалды іс-шараларды жүзеге асыру», - деді спикер.

Орталық мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушылары үшін бірқатар іс-шара өткізеді. Атап айтсақ, «Жұлдызды жол» олимпиадасы, «Елорда еркетайы» шығармашылық байқауы, «Бестемше» спорт жарысы, 2-7 сынып оқушыларына арналған «Зерде» қалалық ғылыми-зерттеу жұмыстары мен ғылыми жобалар байқауы, 2-4 сынып оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиада.

Орталық дарынды балалармен жұмыс жүйесін ой елегінен өткізе отырып, қазіргі уақытта дарындылығы әлі ашылмаған, бірақ өзінің шығармашылығы мен белсенділігімен танылуға мүмкіндігі бар балалардың дамуына жағдай жасайды.

«Орталық жыл сайын 5-7 сынып оқушылары үшін жалпы білім беретін пәндер бойынша қалалық жасөспірімдер олимпиадасын, 5-6 сыныптар арасында республикалық пән олимпиадасын, география пәнінен Ұлттық олимпиада, химия және биология пәндер бойынша аймақтық олимпиада және т.б. өткізеді. Жоғары сынып оқушылары үшін – республикалық деңгейдегі президенттік және лингвистикалық олимпиадалар, жалпы білім беретін пәндер бойынша қалалық ғылыми жобалар байқауы, қалалық және республикалық «Абай оқулары», «Ақселеу оқулары», «Қадыр оқулары», «Мағжан оқулары», «Абай әлемі», «Менің кіші Отаным», «Моя инициатива – моей Родине», халықаралық STEM олимпиадасы, робототехника бойынша «Robotek Grand Tournament» қалалық турнир және т.б. конкурстар өткізіліп отырады», - Жанар Бейсенбаева.

Оның айтуынша орталықтың барлық қызметі жас дарындардың интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін жан-жақты дамытуға бағытталған және орталықтың үйлесімді жұмысының арқасында олимпиада қозғалысына қатысушылар саны да, сапасы да жыл сайын артып келеді.

Қазіргі кезде елордалық оқушылар арасында олимпиадалық қозғалысқа қызығушылық айтарлықтай жоғары, көптеген балалар бірнеше олимпиадада бағын сынап көреді.

Өткен жылы елорданың олимпиадалық құрамасы жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиадада рекордтық медаль жеңіп алды – команда қоржынында 93 медаль: 24 алтын, 29 күміс және 40 қола медаль бар. Астана құрамасы жыл сайын «Үздік олимпиадалық команда» атағын жеңіп алады.

Оқушылар Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Болгария, Венгрия, Кипр, АҚШ, Бразилия, Португалия, Колумбия және т.б. елдерінде өткен халықаралық зияткерлік жарыстарда лайықты өнер көрсетті.

«Зияткерлік олимпиадаларға сапалы дайындалу және жоғары нәтиже көрсету үшін Орталық демалыс кезінде оқу-жаттығу жиындарын өткізеді, оған бұрынғы олимпиадалардың – өткен жылдардағы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері жұмылдырылады», - деді орталық жетекшісі.