Астана тұрғындарына ғимараттардың шатырынан қар мен мұздың құлау қаупі жөнінде ескерту жасалды

Астана тұрғындарына ғимараттардың шатырынан қар мен мұздың құлау қаупі жөнінде ескерту жасалды

Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті қардың көп мөлшерде жаууына байланысты ғимараттардың шатырларынан қардың және мұздардың құлау қаупі барын ескертеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Сол себепті сақ болып, мүмкіндігінше ғимаратқа жақын жүрмеу қажет. Ғимараттан шыққан кезде құлауы мүмкін жерлерді айналып өту керек. Балалардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аудару қажет.

Егер сіз жаяу жүргіншілер жолында келе жатып, келеңсіз дыбыс естіген болсаңыз, жоғары қарап тұрмай, тез арада қауіпсіз тұсқа жүгіруіңіз керек.

Мүмкіндігінше ғимараттар мен құрылыстардың жанына көлік қоймаған жөн, онда мұздар мен қардың құлау қаупі бар.

Ғимараттардың шатырын қардан тазалаған кезде міндетті түрде қауіпсіздік талаптарына сәйкес ұйымдастырылуы тиіс, сол сияқты жұмыс жүргізіліп жатқан жерлерде жүруге тыйым салынатын белгілер қойып, қоршалуы қажет.