
Астанада Тәуелсіздік күні қарсаңында көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттерін тарату жалғасып жатыр. Осы уақытқа дейін мыңнан астам азық-түлік үлестірілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қайырымдылық іс-шарасын Астана қаласының әкімдігі көпжылдық дәстүрлі «игі істер марафоны» аясында ұйымдастырды. Азық-түлік жиынтығын таратуда еріктілер мен бей-жай қарамайтын азаматтар үлкен көмек көрсетеді. Мың қораптың әрқайсысында ең қажетті өнімдер бар: ұн, қант, май, макарон, қарақұмық, күріш және т.б. Бұл көмекті ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған мұқтаж отбасылар, көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар алды.
«Тәуелсіздік күні қарсаңында әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарының тұрғындарына, көпбалалы аналарға, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, толық емес отбасыларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 1000-нан астам себет жиналды. Бұл күнделікті тұтынуға қажетті өнімдер: қарақұмық, күнбағыс майы, қант, ұн, күріш, макарон, шұжық, тауық және т.б. Астана әкімдігі демеушілермен бірлесіп мұндай акцияларды үнемі ұйымдастырып отырады және біз қала тұрғындарын осындай игі іске атсалысуға шақырамыз. Бұл акция жыл сайын өткізіледі. Жыл басынан бері осымен бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Соңғы рет Құрбан-айт мейрамында ет тараттық», - деді Астана әкімінің кеңесшісі Қуаныш Молдабек.
Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың проблемалары елорда әкімдігінің жіті назарында тұрады. Еріктілер бірінші кезекте көпбалалы ана – Әсемнің үйіне барды. Ол өзінің қуанышын жасыра алмады. Ол қайырымдылық акциясына қатысушыларға алғысын білдірді.
«Төрт балам бар. Күйеуім жұмыс істейді, ал мен үйде балаларыммен отырамын. Мұндай тосын сыйды күткен жоқпын. Қуанып отырмын. Еріктілерге, осындай игілігі мол істі ұйымдастырған жандарға алғысымды білдіргім келеді. Осындай жарқын мерекеде бізді назардан тыс қалдырмай құттықтап отыр. Елімізде тек бейбітшілік, тыныштық болсын! Балаларымыз аман болғай! Астанада 5 жылдан аса тұрып келеміз. Осыдан үш жыл бұрын тұрғылықты жеріміз бойынша тіркеуден өтіп, өз үйімізді сатып алуға кезекке тұрдық. Кезегімізді асыға күтіп жүрміз», - дейді көпбалалы ана.
Бес баланы тәрбиелеп отырған Нұрбақыт Болатованың айтуынша, мұндай әлеуметтік қолдауды қала әкімдігі үнемі ұйымдастырып отырады.
«Әлеуметтік көмекті алғаш рет алып отырған жоқпыз. Бұл біздің үлкен отбасымызға айтарлықтай қолдау болып отыр. Әкімдікке, демеушілерге және бізге үнемі көмек көрсетіп келе жатқан еріктілерге алғысымызды білдіргіміз келеді. 2019 жылы «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2 бөлмелі пәтер алдық. Қазір ай сайын 63 мың теңге төлейміз. Жылы әрі жайлы пәтерде тұрып келеміз, ең бастысы төлемақысы да ыңғайлы. Қарапайым халық үшін мұндай бағдарламалар көп болса екен деймін», - деді Нұрбақыт Болатова.
Игі істер акциясы дәстүрге айналды. Қала әкімдігі сауабы мол мұндай іс-шаралардан шет қалмай, басы-қасында жүруге шақырады.