Астанада Тәуелсіздік күні қалай атап өтіледі

Астанада Тәуелсіздік күні қалай атап өтіледі

Елімізде 16 желтоқсанда Тәуелсіздік күні атап өтіледі. Бұл мереке ел үшін ерекше маңызға ие, ол Қазақстанның егемендігі, бостандығы үшін күрескен жандарға құрмет болып саналады. Осы айтулы күннің құрметіне Астана қаласының мәдениет, білім, спорт мекемелері қала тұрғындарына арнап ондаған іс-шара ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бұл күндері елорданың білім беру ұйымдарында «Тәуелсіздік ел ұрпақтары» онкүндігі, «Қазақстан жасампаздық жылдары» кітап-иллюстрациялық көрмесі, тарихи танымдық және тәрбие сағаттары, оқушылар арасындағы жарыстар, дөңгелек үстелдер, ғылыми конференциялар, компьютерлік графика бойынша жарыстар және басқа да іс-шаралар өткізіледі.

Елордалық университеттердің бірінде JANA BELESTEGI JASTAR жергілікті жастар форумы өтті.

Оқушылар сарайында Тәуелсіздік күніне және балалар жылына орай мектеп оқушыларының форумы ұйымдастырылды.

Музыкалық жас көрермен театрында «Тәуелсіздік және елорда» республикалық ақындар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Оған 40 жасқа дейінгі ақындар қатысты. Олар Қазақстанның қазіргі тарихына және еліміздің бас қаласына арналған авторлық өлеңдерін тарту етті.

Мерекеге орай елордада Менеджмент, бизнес және білім колледжіне арнап салынған 110 орындық студенттік жатақхана салтанатты түрде ашылды.

Сондай-ақ Astana Polytechnic Жоғары колледжінде электроника және телекоммуникациядан инновациялық зертхана ашылады.

Осы күні Күлтегін көшесінде 290 орындық №98 «Мирас» балабақшасы ашылады.

I Республикалық «Жас өрен» байқауын Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония өткізеді.

Сондай-ақ Тәуелсіздік күніне орай 14 желтоқсан күні сағат 19:00-де Бейбітшілік және келісім сарайында қала тұрғындары үшін «Тәуелсіздік – ел ұраны» гала-концерті ұйымдастырылады.

Сол күні аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары мерекелік концерттер мен мәдени-танымдық іс-шаралар өткізеді. Ал Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қабырғасында «Желтоқсан қаһармандары» конференциясы өтеді.

15 желтоқсан күні сағат 19:00-де Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде мереке құрметіне BATYRS' BATTLE өтеді. Іс-шара қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Кіру тегін.

15 желтоқсанда Астанада жастардың қатысуымен патриоттық автожарыс, ҚР Тәуелсіздік күніне арналған «Қазақстан Ұлы дала Елі» мерекелік концерттік бағдарламасы, сол сияқты жекпе-жектен турнир өтеді.

15 және 16 желтоқсанда NOMAD City Hall сахнасында Қ.Жүнісовтің «Алаш» драмасын тамашалауға болады. Басталуы сағат 19.00-де.

15-17 желтоқсан аралығында мереке құрметіне садақ атудан Астана Ашық Кубогы өтеді.

Биыл «Алғашқы қар» шаңғы маусымының ашылуы да атаулы күнге орайластырылған, іс-шара 16 желтоқсанда шаңғы трассасында өтеді. Басталуы сағат 11.00-де.

16-18 желтоқсан аралығында Тәуелсіздік сарайында барлық санаттар мен жастағы жұптық билерден елорданың ашық чемпионаты ұйымдастырылады.

Сондай-ақ 16-19 желтоқсан аралығында елордада Ұлттық би спорттық ойындары өтеді. Ашылу салтанаты Бейбітшілік және келісім сарайында 17 желтоқсан күні сағат 12:00-де өтеді.

Мереке құрметіне қалада қайырымдылық іс-шаралар, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау акциялары өткізілетін болады. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының қатысушыларына санаторий-курорттық ем бере отырып, біржолғы әлеуметтік көмек төлеу көзделген.