
№3 Көпбейінді қалалық аурухананың эндоскопист дәрігері Олеся Калинкина Дубайда пауэрлифтингтен өткен Азия чемпионатында алтын жүлдеге қол жеткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Дәрігер ару бұл спорт түрімен небәрі төрт жыл бұрын ғана, яғни 33 жасында айналыса бастапты. Ол кезде Олесяда тек денсаулығын жақсартуға деген ұмтылыс болған екен.
«Пауэрлифтингтен әлем чемпионы, республикалық чемпионаттардың жүлдегері, бапкер Александр Мирошниковпен таныстым. Ол менің нәтижелерімді көріп, өзімді кәсіби спортшы ретінде сынап көруді ұсынды. Өткен жылдың мамыр айында Алматыда өткен Қазақстан чемпионатына қатысып, күміс жүлдеге ие болдым, алғашқы өнер көрсетуде бірден «спорт шеберлерінің» нормативін орындаған екенмін», - дейді Олеся Калинкина.
Айта кету керек, чемпионаттағы мықты бәсекені ескерсек, мұндай жетістікке жету оңай болған жоқ. Алғашқы нәтиже Олесяға шабыт беріп, бар күш-жігерін, салған, енді ол спорттық карьерасын жалғастыруға ниетті. Мамыр айында спортшы Үндістанға Азия чемпионатына баруды жоспарлап отыр. Дубайдағы алтын — күш-жігердің, төзімділіктің және еңбекқорлықтың нәтижесі.
Спортшы ару медицина саласын да қатар алып жүр. № 3 КҚА-да 2021 жылдың қаңтарынан бастап эндоскопист дәрігер болып жұмыс істейді. Жалпы еңбек өтілі — 11 жыл. Қызметкерлер мен науқастар Олесяны кәсібилігі мен асқан жауапкершілігі үшін жақсы көреді және құрметтейді.
«Мен үшін біліктілікті арттыру өте маңызды, сондықтан үнемі білімімді үнемі жетілдіруге тырысамын: семинарларға, конференцияларға қатысып, онлайн курстардан өтемін», - деп атап өтті ол.
Олеся Калинкина – аяулы ана, сүйікті жар. Жұбайы да дәрігер. Бәріне қалай уақыт таба аласыз деген сұраққа дәрігер жай ғана «ниет пен қолдау болса болғаны» деп жауап береді.
«Егер сіз шын мәнісінде қаласаңыз, спортқа, жұмысқа, отбасына, бәріне де уақыт таба аласыз. Туыстарым мені жақсы қолдайды, көмектеседі. Күйеуім алғашында жаңа спорттық хоббиіме қарсы болды, ол пауэрлифтинг әйелдердікі емес дейтін. Енді ол жетістіктерімді көріп, мені мақтан тұтатынын және барлық жағынан қолдайтынын айтады. Ол менің алға дамып, өскенімді қалайды», - деді жеңімпаз дәрігер.