Астанада 19-20 қараша күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді

Астанада 19-20 қараша күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді

Алдағы демалыс күндері, яғни 19-20 қарашада Астанада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Ол ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне арналған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жәрмеңкеге тауар өндірушілер қатысады. Олар бірқатар тауар түрін ұсынады: ет және шұжық өнімдерінің түр-түрі, ұн және макарон өнімдері, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің барлық түрі: көкөністер, нан, жарма, жұмыртқа, күнбағыс және май, сүт өнімдері, қант және тағы басқалар.

Қала тұрғындарына ыңғайлы болуы үшін жәрмеңке Жүргенов, 29 және Сауран, 7 мекенжайы бойынша елорданың оң және сол жағалауында өтеді. Жәрмеңке сенбі және жексенбі күндері сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін өтеді. Ал өнімдер нарық бағасынан 10-15%-ға төмен сатылады. Мұндай жәрмеңкелердің басты мақсаты – астаналықтарға қолжетімді азық-түлік себетін жинауға мүмкіндік беру.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні қарашаның әр үшінші жексенбісінде аталып өтеді. Мереке аясында мұндай жәрмеңкелер Қазақстанның барлық аумағында жүзеге асырылатын болады.