Елорда тұрғындарын өрттен құтқарып қалған өрт сөндіруші ауыр жағдайда жатыр

Елорда тұрғындарын өрттен құтқарып қалған өрт сөндіруші ауыр жағдайда жатыр

Кеше Астанада Момышұлы даңғылындағы 15 қабатты үйде алапат өрт болды. Өрт сөндірушілер өз өмірін қатерге тігіп, бес адамды аман алып шығарды. Өрт сөндірушілердің бірі – Асқар Забикулин зардап шеккендерге көмектескенмен өзін қатты күйік шалып, қазір өте ауыр жағдайда жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Өрт көпқабатты үйдің 11-қабатында тұтанған. Өрт сөндіруші Асқар Забикулин пәтерге терезе арқылы кіру үшін құтқару арқаны арқылы 12-қабаттан 11-қабатқа түскен. Ішке ену үшін қоршауды алып тастауына тура келді, үстіндегі камуфляж киімімен жанып жатқан пәтерге кіріп, 80 жастағы әжей мен 22 жастағы немересін тауып, оларды оттан шығарды. Ол сондай-ақ көрші пәтерге жүгіріп барып, балконға жасырынған және қою түтіннің салдарынан шыға алмай қалған 10 жасар баланы құтқарып үлгерді.

Асқар Забикулин асқан жанкештілігінің арқасында алапат өрттен бірнеше адамды құтқарып қалды, алайда өзі ауыр жарақат алып, өте қиын жағдайда жатыр. Өрт сөндірушіге беттің, арқаның, іштің, аяқтың жоғарғы және төменгі жағының 2-3 дәрежелі күйіктері, күйіктік шок деген диагноз қойылды. Зақымдану дәрежесі – 80%. Қазір ол ИВЛ аппаратында жатыр.