Астанада №2 КҚА акушерлік блогының қабырғасында салмағы 5075 грамм 58 сантиметр болатын алып бала дүниеге келді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Пациент жүкті әйелдер патологиясы бөліміне түсті. Жүктіліктің 41-аптасында толғата бастап, кейін босану блогына ауыстырылды. Босану жоспары Диананың денсаулығын ескере отырып, консервативті түрде болды. Біз баланың басы жамбастың бойымен алға жылжуын бағалап, босану қарқынын қатаң қадағаладық. Табиғи жолмен босанды. Диананың бұл үшінші мәрте ана атануы, алдыңғы сәбилері де 4500, 4600 грамммен ірі болып дүниеге келген. Анасы да, бала да өздерін жақсы сезінеді», - деді акушер-гинеколог дәрігер Динара Байзаққызы Издибаева.
«Акушерлік блок дәрігерлеріне алғыс айтамын. Ақхалатты абзал жандардың кәсіби біліктілігінің арқасында бәрі жақсы өтті. Өте қуаныштымын әрі ризамын. Осындай кәсіби мамандар көп болсын! Жұмыстарыңыз жемісті болсын! Ризашылығымды білдіремін, дәрігерлерге көп рахмет!» - деді Диана.
Дәрігерлердің айтуынша жаңа туған нәрестенің қалыпты салмағы жынысына байланысты: ұлдар үшін 3 400-3 500 грамм, бойы 44,2–55,66 сантиметр, қыздар үшін – 3 200-3 400 грамм, бойы 43,6–54,7 сантиметр. Орташа қалыпты баланың салмағы 2500-ден 4500 грамға дейін деп саналады.