Азия чемпионатында топ жарған елордалық былғары қолғап шеберлері елге оралды

Азия чемпионатында топ жарған елордалық былғары қолғап шеберлері елге оралды

Ел мерейін асқақтатқан спортшыларды елорда әуежайынан қарсы алуға қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Серіққанұлы және спорт саласының өкілдері салтанатты түрде күтіп алды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Сонымен қатар, былғары қолғап шеберлерін әуежайдан жанкүйерлері, ата-аналары, туған туысқандары мен чемпиондардың достары да үлкен қошеметпен қарсы алды. 

Еске салсақ, бокстан Қазақстан әйелдер, ерлер құрамасы Амманда (Иордания) өткен Азия чемпионатында өз ойындарын аяқтап, жалпы командалық есепте медальдар саны бойынша бірінші орын иеленген болатын. 

Дүбірлі додада Астаналық спортшылар екі алтын, екі қоланы еншіледі. Атап айтқанда, Қазақстан құрамасы сапындағы елордалық Санжар Ташкенбай (48 кг) мен Айбек Оралбай (-92 кг) алтыннан алқа тағып чемпион атанса, Нұрбек Оралбай (80 кг) және әйелдер бәсекесінде Ләззат Күнгейбаева (+81кг) қола медаль алды.

Айта кетейік, 31 қазанда басталған сары құрлық додасында ерлер 13, әйелдер 12 салмақта сынға түсті. Чемпионатты Азия бокс конфедерациясы (ASBC) Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ережелерін негізге ала отырып, ұйымдастырды.