Астанада көмір сату орындары енді Smart Astana қосымшасы арқылы қолжетімді

Астанада көмір сату орындары енді Smart Astana қосымшасы арқылы қолжетімді

Smart Astana мүмкіндіктерді арттырады. Енді қосымшаны пайдалана отырып, көмірдің бар-жоғын, сату орталығының мекенжайын, бағасы мен сапасы туралы ашық ақпаратты көруге болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Мобильдік қосымшада 16 сауда нүктесі мен көмірдің 5 түрі көрсетілген.

Көмірдің бар-жоғы туралы күнделікті ақпаратты «Астана қаласының Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ береді. Smart Astana арқылы баға мониторингі онлайн форматта жүргізіліп, көмірдің жетізу уақытын көре аласыздар. Сондай-ақ көмірдің түрі мен бағасы сұрыпталып, өзіңіз қалайтын түрін таңдай аласыз. Сол сияқты пайдаланушы көмір сату орнын өзіне жақын етіп таңдай алады. Сатып алушыға ыңғайлы болу үшін қызмет көрсетушінің байланыс телефондары көрсетілген. Сату орнында көмір болмаса немесе оның бағасы тым жоғары болса, басқа да себептермен қызмет көрсету көңіліңізден шықпаса, Smart Astana мобильді қосымшасында пікір қалдыру не шағым жазу мүмкіндігі бар.

Smart Astana қосымшасын Play Market пен App Store платформаларынан келесі сілтеме арқылы https://onelink.to/nkzfxa жүктеп алуға болады.

Айта кетейік, елордада қаланы газдандыру жұмысы жүріп жатыр. Алматы және Сарыарқа аудандарында газға қосылу мүмкіндігі толық қамтамасыз етілген. Олар Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық, Теміржолшылар, Промышленный, Оңтүстік-Шығыс (оң және сол жағы), Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный, сондай-ақ Потанин көшесі ауданындағы қаланың ескі бөлігі. 680 шақырымнан астам газбен жабдықтау желісінің құрылысы аяқталды, кварталішілік желілер тартылды. Газға 6 мыңнан астам үй қосылған.

Қалған Байқоңыр және Есіл (кварталішілік желілер – 2023 жылы) аудандарында газ құбырын салу жұмысы жүріп жатыр.