Елорданың Шұбар шағын ауданы 2023 жылдан бастап газдандырыла бастайды

Елорданың Шұбар шағын ауданы 2023 жылдан бастап газдандырыла бастайды

Елорданың Шұбар шағын ауданы 2023 жылдан бастап газдандырыла бастайды. Осы жылдың соңына дейін сараптаманың оң қорытындысын алу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылы Шұбар шағын ауданында құрылыс-монтаж жұмыстары басталады.

Сарыарқа және Алматы аудандарында үйлерді газға қосу мүмкіндігі толық қамтамасыз етілген. Яғни 10 тұрғын алабы мен 4 шағын ауданға (Ақбидай, Қазақауыл, Нұр-Бесік, Потанин көшесі ауданындағы шағын аудан) осындай мүмкіндік жасалды. Осы мақсатта қалада 680 шақырымнан астам газ тарату желісі салынды, кварталішілік желілер тартылды. Аталмыш аудандарда 6,5 мыңға жуық тұрғын үйлерін газға қосты. Бұл 60%-дан асады.

Ал Байқоңыр және Есіл аудандарында газ құбырын салу жұмысы (2023 жылы кварталішілік желілер) жүріп жатыр. Биыл аудандық Тұран, Телман қазандықтарына, сол сияқты Ильинка (Үркер), Өндіріс, Телман, Пригородный елді мекендеріне және «Family Village» және «Garden Village» шағын аудандарына газ жеткізу желілерінің құрылысы басталды.

Газдандыру бойынша ынталандыру және көмек көрсету үшін бірқатар әлеуметтік шаралар қабылданды: үйлерді газға қосуға арналған құжаттар тізімі екі есе қысқартылды, мұқтаж жандарға бөлінетін сома 2 еседен аса ұлғайтылды (430 мыңға дейін), тегін негізде газды есепке алу аспаптары (есептегіштер) беріледі, газдандыру үшін банктер арқылы бөліп төлеу және пайызсыз кредиттеу бар.

ЖЭО-1 және ЖЭО-2-де су жылыту қазандықтары толықтай газға ауыстырылды. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандарды газға қосу жұмысы жүргізілуде. 20 әлеуметтік нысанның (Алматы және Сарыарқа ауданы) 13-і газға ауыстырылды, қалған 7 нысан бойынша іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұрын олар автономды жылу көздері арқылы жылытылды: көмір немесе дизель отыны арқылы бірнеше есе қымбат. Осы объектілерді газға ауыстыру есебінен жалпы үнемдеу жылына 1 млрд теңгеден асады.

Елорданы газдандыру Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Газдандыру қаланың экологиясын едәуір жақсартып қана қоймай, жеке сектор тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.